Өңір басшысы Баршатас ауылындағы мектептің жұмысымен танысты
Облыс әкімі Берік Уәли Аягөз ауданына жұмыс сапары барысында Баршатас ауылындағы Оспанқұл Меңаяқұлы атындағы орта мектебіне барып, оқу орнының жәй-күйімен танысты.
Мектептің тарихы 1923 жылдан басталады. Оқу ордасының қазіргі ғимараты 1981 жылы салынған. Бес жыл бұрын білім мекемесіне күрделі жөндеу жүргізілген.
Мектеп 500 орынға шақталған. Қазір 170-ке жуық оқушы білім алып жатыр. 66 қызметкер, оның ішінде педагогтар мен техникалық мамандар еңбек етеді.
Білім ордасы Алматыдағы Қазақ ұлттық университетімен әріптестікте жұмыс істейді. Бұл – ауыл мектебі үшін үлкен мүмкіндік әрі кәсіби байланыстардың нығаюына жол ашады.
Мұндағы бір мәселе - кейбір пән мұғалімдерінің жетіспеушілігі.
Аймақ басшысы мектептің оқу кабинеттерін аралап, музейдің және кітапхананың жұмысымен танысты. Мектеп басшылығына білім ордасына қажет мамандарды жоғары оқу орындарымен байланыс орната отырып шешу қажеттігін айтты.