Мемлекеттік кеңесші сарапшылармен бірге ішкі саясат мәселелері жөнінде жиын өткізді

Ерлан Қарин cарапшылармен бірге ішкі саясат мәселелері жөніндегі жиын өткізді. Басқосуды Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды.
Кездесуге Андрей Чеботарев, Алуа Жолдыбалина, Талғат Қалиев, Айгүл Сәдуақасова, Никита Шаталов, Қарлығаш Жаманқұлова, Ғазиз Әбішев, Айгүл Забирова, Нұрбек Матжани, Жанар Санхаева, Әмина Үрпекова секілді белгілі саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар қатысты.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл наурыз айында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерген бастамаларын жүзеге асыру жолдары мен тәсілдері талқыланды.
Басқосуда ішкі саясат саласына қатысты біртұтас кешенді құжатты даярлау үдерісіне баса назар аударылды. Құжаттың негізгі жобасын Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты әзірлегенін атап өтуіміз керек. Бұған қоса аталған жұмысқа Ұлттық құрылтайдың мүшелері де атсалысты.
Пікір алмасу барысында Мемлекеттік кеңесші ішкі саясат саласына қатысты кешенді құжатты дайындау және қабылдау, түптеп келгенде, мемлекеттік органдар қызметін жүйелеу жолындағы ауқымды істің бір бөлігі екенін атап өтті. Құжатта ішкі саясат саласындағы негізгі қағидаттар, тұжырымдар және бағыттар ретке келтіріледі.
Сарапшылар өз кезегінде аталған құжаттың мемлекеттік органдар қызметіне бағдар беріп қана қоймай, азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшылар үшін ішкі саясат саласындағы негізгі басымдықтар жөнінде айқын түсінік қалыптастыратынына назар аударды.
Жиынға қатысушылар құжат жобасын жетілдіруге және толықтыруға қатысты ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Кешенді құжат жобасын талқылауға арналған мұндай кездесулер алдағы уақытта да ұйымдастырылады.