Абай облысы Аягөз ауданында мыс балқыту зауыты салынады

Бұл туралы Абай облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Айбек Рахымбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
Оның айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыру арқылы Қазақстан шикізатты емес, дайын өнімді экспорттауға мүмкіндік алады.
– Жалпы құны 587 миллиард теңге болатын мыс балқыту зауытының құрылысы Аягөз ауданында жүзеге асырылады. Мұндай кәсіпорын еліміз үшін аса қажет. Қазіргі таңда Қазақстанда тек Балқаш мыс зауыты жұмыс істейді, ал кен мен концентрат шетелге жіберіледі. Егер бұл жоба жүзеге асса, елімізде өндірілетін бүкіл мыс ішкі нарықта өңделетін болады, – деді Айбек Рахымбеков.
Сонымен қатар, ол шетелдік инвесторлардың қатысуымен аймақта бірнеше жоба сәтті іске асырылып жатқанын айтты. Мысал ретінде Қытаймен бірлескен жобаны келтірді:
– Мәселен, Қытай Халық Республикасымен бірге жүзеге асырып жатқан жобамыз – Жарма ауданында салынатын жел электр станциясы, – деді ол.
Спикердің айтуынша, облыс басшылығы инвесторлар ұсыныстарына жіті көңіл бөліп, қолайлы жағдай жасауға және жан-жақты қолдау көрсетуге тырысады.
– Инвесторлармен тұрақты жұмыс жүргізіледі. Жаңа жобалар тоқсан сайын қаралатын өңірлік үйлестіру кеңесі құрылған. Мемлекеттік қолдаудың бір тетігі – жер телімін беру. Кеңес арқылы инвестор жер телімін алуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, Сыртқы істер министрлігі Инвестжобалардың ұлттық цифрлық платформасын әзірледі. Бұл платформада инвесторлардың мәселелері нақты уақыт режимінде қаралып, шешімін табады, – деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары.
Ол сондай-ақ мемлекет тарапынан инвесторларға көрсетілетін қолдау шараларына да тоқталды.
– Өңірде мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен өтетін өңірлік инвестициялық штаб жұмыс істейді. Инвестор өз сауалын жолдай алады, ал бұл мәселе тиісті органдардың қатысуымен штаб отырысында қаралады. Мемлекеттік қолдау тетіктерінің бірі – Өнеркәсіпті дамыту қорының ұсынысы. Қор 9 пайыздық жеңілдікпен қаржыландыру қарастырады. Бұл мүмкіндікті облыстағы бірнеше кәсіпорын пайдаланып үлгерді. Жалпы, өңірде дамуға қажетті барлық жағдайлар жасалған: бізде маман күші де, шикізат қоры да бар, – деп қорытындылады Айбек Рахымбеков.
Тағыда оқыңыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына ЖолдауыМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзіҚасым-Жомарт Тоқаев: «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту»Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына ЖолдауыҚасым-Жомарт Тоқаев: Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек