Cемей23°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
518.07 595.21 6.37

Мәжілісте Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау мәселесі қаралды

Бүгін, 13:10 Думан Кенжеғазыұлы

Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінде Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі халықаралық міндеттемелердің орындалу барысы туралы тақырыптық отырыс өтті. Комитет төрағасы Еділ Жаңбыршиннің жетекшілігімен өткен жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, сала мамандары, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысты.

Еділ Жаңбыршин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы БҰҰ Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарламасының саммитінде «Каспийді құтқару ұзақ мерзімді халықаралық ынтымақтастықтың басымдығы болуға тиіс. Барлық мүдделі тарапты осы бірегей су айдынының жағдайын жақсарту жөніндегі жалпы іс-қимыл жоспарын әзірлеуге шақырамын» дегенін еске салды.

Сондай-ақ Каспий теңізі бұрын-соңды болмаған экологиялық дағдарысқа тап болғанын, теңізге 130-дай өзен құйса да деңгейі жыл сайын төмендеп жатқанын атап өтті. Мамандардың зерттеуінше, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі жыл сайын 8 сантиметрге төмендеуде.

– 2001 жылдан бері Каспийдің солтүстік-шығыс жағалау сызығы 50 шақырымнан астам шегініп, мыңдаған шаршы шақырым бұрынғы судың ауданы құрғақ жерге айналды. Атырау облысында біз Каспий теңізіне Жайық өзенінің құятын атырабын тікұшақпен қарап өттік. Кірген кемелер шыға алмай, шыққан кемелер кіре алмай тұр. Судың тереңдігі бар болғаны 30-40 см, құстар жаяу кешіп жүр. Яғни, бұл балықтардың миграциясына да әсер етуде, – деді Е.Жаңбыршин.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев Қазақстан Тегеран конвенциясына 4 хаттаманы ратификациялағанын және бүгінде Каспий теңізі теңіз ортасының жай-күйін мониторингілеу, бағалау және ақпарат алмасу жөніндегі хаттаманың жобасын келісу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

– Қазақстандық ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, Каспий теңізінің деңгейі 2050 жылға қарай төмендеп, минус 33 метр белгісіне дейін жетуі мүмкін. Теңіз деңгейінің минус 28,5 метрге дейін төмендеуі оның экожүйесі үшін де, теңіз шаруашылығы үшін де қауіпті шек болып есептеледі. Министрлік Каспий теңізінің қазақстандық секторының қорғалатын аймағында экологиялық сезімталдық картасын әзірлеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл карта мұнай төгінділерінің алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлау, сондай-ақ өңірдегі биологиялық әртүрлілікті сақтау стратегияларын әзірлеу үшін маңызды құрал болмақ, – деді М.Ошурбаев.

Вице-министрдің айтуынша, Каспий теңізінің таяздану себептері мен салдарын зерттеу үшін 2024 жылы Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты құрылған. Алайда қазірге дейін институттың қаржыландыру мәселесі шешілмеген. Осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қаржы министрлігіне Каспий теңізі институтының жұмысын іске қосу үшін 2025 жылға Үкімет резервінен 1,8 млрд теңге қаражат бөлуге өтініш жолдаған.

Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз мамандандырылған ғылыми институттар мен мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен Каспий теңізінің таяздану проблемаларын зерделеу үшін Ресей Федерациясымен екіжақты жұмыс тобы құрылатынын атап өтті. Алдағы уақытта бұл жұмысқа Әзірбайжан, Иран, Түркіменстан да тартылатын болады.

Отырыс барысында Каспий теңізінің ластануын болдырмау және оны қалпына келтіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мемлекеттік органдардың ақпараты тыңдалды. Сыртқы істер министрлігі халықаралық құқық департаментінің директоры Дастан Сүлейменов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы Бауыржан Абсаматов, «Әлеуметтік-экологиялық қор» директоры Вадим Ни сөз сөйледі.

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев жуырда Дүйсенбай Тұрғанов екеуі Каспий теңізінің күрделі экологиялық проблемаларға тап болғанын депутаттық сауалында атап өткенін еске салды.

– Президент Каспий теңізіне зерттеу жүргізетін мемлекеттік ғылыми институт құруды тапсырды. Институт құрылды, бірақ жұмыс істемейді. Біз кінәлілерді іздеп, уақыт жоғалта алмаймыз. Дер кезінде теңізді сақтаудың ықтимал нұсқалары бойынша ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға кірісуіміз керек. Бүгін мемлекеттік органдардың Каспий маңы мемлекеттерімен жүргізіп жатқан жұмыстары туралы мәліметтерді тыңдадық және олар өте нашар деңгейде. Бұл ретте тек Су шаруашылығы министрлігі ғана емес, Сыртқы істер министрлігі де атсалысуы керек деп ойлаймын, – деді депутат.

Бұдан соң депутаттар мәселеге қатысты нақтылау сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Оның ішінде Каспий теңізінің негізгі экологиялық проблемалары, теңіз деңгейінің төмендеуі, зиянды заттармен ластануы, бөтен организмдердің енуі, теңізде мұнай операциясын жүргізіп отырған компаниялардың қызметін қатаң бақылауға алу, балық аулау және браконьерлік, теңіз жануарларының аурулары және басқа да мәселелер бар.

Жиынды қорытындылаған Еділ Жаңбыршин Каспий теңізінің экологиялық проблемасы мен Үкіметке жолданған ұсынымдардың орындалуы барлық уақытта комитеттің бақылауында болатынын айтты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив