Cемей11°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
518.34 591.06 6.27

Сенат Төрағасы Хорватияның Сыртқы және еуропалық істер министрімен кездесті

Бүгін, 13:10 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақ-хорват бизнес форумына қатысу үшін Қазақстанға келген Хорватия Республикасының Сыртқы және еуропалық істер министрі Гордан Грлич-Радманмен кездесті.

Мәулен Әшімбаев мейманға ілтипат білдіре келіп, Хорватия Қазақстанның Еуропалық Одақтағы сенімді серіктесі екенін айтты.

Сондай-ақ Палата Спикері парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайтудың маңызды екенін атап өтті. Сұхбат кезінде заң шығару қызметінде тәжірибе алмасу, достық топтарына мүше депутаттардың өзара сапарларын ұйымдастыру және Парламент Сенаты мен Сабордың салалық комитеттері арасында тығыз байланыс орнату жөніндегі жұмыстарға баса мән берілді.

«Қазақстан мен Хорватия арасында тиімді саяси диалог жолға қойылған. Экономикалық ынтымақтастық пен мәдени байланыстар да қарқынды дамып келеді. Сіздің сапарыңыздың мазмұны мен маңызы елдеріміз өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін көрсетеді. Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолында парламентаралық диалог үлкен рөл атқарады. Біз Хорватия Парламентімен қарым-қатынасты дамытуға ниеттіміз. Бұл ретте достық топтарының әлеуетін өзара диалогты дамытудың тиімді тетігі ретінде пайдаланған орынды деп есептейміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту мәселелері де талқыланды. Сенат Төрағасы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда іске асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларға тоқталып, қолға алған жұмыс негізгі мемлекеттік институттарды кешенді түрде жаңғыртуды көздейтінін тілге тиек етті.

Нақты айтқанда, сұхбат барысында жаңа экономикалық үлгі қалыптастыруға және Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсартуға арналған шаралар туралы, сондай-ақ, екі тарап та мүдделі салаларда инвесторлар үшін артықшылықтар қарастыру жөнінде сөз болды. Осыған байланысты энергетика, фармацевтика, көлік, ақпараттық технологиялар және ауыл шаруашылығы сияқты бағыттардағы бірлескен жобаларға ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде Гордан Грлич-Радман Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге жоғары баға берді. Сондай-ақ ол ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы биыл қыркүйек айында өтетін «Діндер диалогы – болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне дайындық барысында қолға алынған жұмыстарға тоқталып өтті.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив