ЮНЕСКО тізімі 2026 жылға қарай 11 қазақстандық ескерткішпен толықтырылуы мүмкін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мәдениет және ақпарат министрі ЮНЕСКО қамқорлығымен мәдени мұраны сақтау және ілгерілету жөніндегі шаралар туралы баяндады.
Аида Балаева Мемлекет басшысының Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын жаңарту және жүйелі ілгерілету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында елдің бай мұрасын сақтау және насихаттау бойынша бірқатар шара қабылданғанын атап өтті.
Бүгінде еліміздегі тарихи-мәдени мұра объектілерінің саны 25 мыңнан асады. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізімінде 265 ескерткіш болса, жергілікті маңызы бар 12 мыңнан аса тарихи және мәдени ескерткіші тіркелді. Қазіргі кезде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізімінде еліміздің 10 тарихи және мәдени ескерткіші бар.
Сонымен қатар министр Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізімін қайта зерделеп, бұған дейінгі 45 элементтің саны 79 элементке дейін артқанын, қазіргі кезде Қазақстанның атынан Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне 14 элемент енгізілгенін атап өтті.
Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл бағытта мемлекеттік органдармен, халықаралық қауымдастықтармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқанын және осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында, 2024 жылы министрлік жанынан арнайы жұмыс тобы құрылғанын, оның құрамында министрліктердің, әкімдіктердің, ғылыми-зерттеу институттарының, өңірлік университеттердің, түрлі салалар бойынша жетекші сарапшылар жұмыс атқарып жатқанын атап өтті.
Осы жұмыс тобы қызметінің қорытындысы бойынша ЮНЕСКО стандарттарына сәйкес мәдени және құжаттық мұраны сақтау мен дамытуға кедергі келтіретін бірқатар өзекті мәселелер анықталды. Біріншіден, қазіргі кезде ЮНЕСКО Конвенциялары мен ұсынымдары бойынша міндеттемелер толық орындалмай отыр. Алматы облысындағы Талғар мен Қарамерген, Жетісу облысындағы Қойлық, Жамбыл облысындағы Ақтөбе, Құлан, Қостөбе және Өрнек секілді қалашықтарының, Ақыртас сарайы кешенінде тиісті таңбалау, сонымен қатар облыс әкімдіктері заңды түрде рәсімдеген күзет және буферлік аймақтар жоқ. Ол дұрыс безендірілмеген жағдайда ЮНЕСКО тізіміне енген бірқатар ескерткіштер көп жағдайда «қараусыз қалған», не болмаса «маңызсыз» нысандар ретінде қабылданатынын атап өтті.
Министр Халықаралық маңызы бар ескерткіштер облыстардың аумағында орналасқандықтан, олардың сақталуы мен дамуын қамтамасыз етумен өңірлік әкімдіктер айналысуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесі секілді Бүкіләлемдік мұра нысанының буферлік аймағында жергілікті билік тарапынан келісілмеген құрылыстар салу тоқтар емес. Мәселен, қазіргі кезде ескерткіштің буферлік аймағында тағы бір құрылыс нысанының іргетасы қаланғаны белгілі болды.
Сондай-ақ Құлан және Қойлық қалашықтарының буферлік аймақтарында салынып жатқан нысандар санының артуы байқалады, ал ежелгі сәулет ескерткіштерінің айналасындағы қоқыстарды уақтылы жинамау мәселесі шешілмеген күйінде қалып отыр, бұл Тектұрмас және Жошы Хан кесенелерінің тарихи келбетін жоғалтуға алып келеді және оларды жойылу қаупіне ұшыратады.
Сонымен қатар министр мәдени мұраны басқару саласында мамандарды даярлайтын білім беру бағдарламалары мен курстары жоқтың қасы, сондай-ақ жергілікті қауымдастықтардың атсалысу деңгейі өте төмен екенін жеткізді. Онымен қоса, ЮНЕСКО гранты аясында біліктілікті арттыру курстарынан бар болғаны Ұлттық комитеттің 10 ғана мүшесі өткенін тілге тиек етіп, осы орайда жоғары оқу орындарында мәдени мұраны басқару саласы бойынша мамандар даярлайтын білім беру бағдарламаларын жандандыру қажеттігін атап өтті.
«Мәдени мұраны өскелең ұрпаққа жеткізушілерді жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау жеткіліксіз, сондай-ақ, объектілердің туристік инфрақұрылымы көбінесе халықаралық талаптарға сай келмейді. Өңірлерде мұраны насихаттауға арналған үйірмелер мен секциялар жетіспейді. Туристік нысандардың әлеуетін дәл осы материалдық емес мәдени мұрамен өзара байланыста ашу – аса маңызды», — деп атап өтті министр.
Осыған байланысты ведомство басшысы номинациялық құжаттарды әзірлеу және осы бағыттағы жобаларды қаржыландыруға жергілікті әкімдіктерді белсенді қатысуға тарту қажет деп санайды. Еліміз үшін ЮНЕСКО ескерткіштерінің сандық көрсеткішін арттыру өзекті мәселе екенін ескерсек, атқарушы органдар жергілікті мамандардың бұл бағыттағы біліктілігін арттыруға назар аударуы қажет.
Мәдени мұраны басқару бойынша институционалдық құрылымдар арасындағы жұмыс үйлесімді жүргізілмей жатқаны анықталды. Материалдық емес мұра бойынша ұлттық есепті дайындау үдерісінде мәдениет ұйымдарының ғылым, білім беру мекемелерімен және қоғамдық құрылымдармен материалдық емес мұраны зерделеу мен насихаттау бойынша өзара байланысы жеткілікті деңгейде емес екені бірнеше рет анықталды. Министрлік жергілікті әкімдіктерге бірнеше рет хат жолдап, тарихи-мәдени мұраларымызды сақтауға қатысты бірқатар ұсыныстар жіберген. Алайда кейбір жергілікті атқарушы органдар тарапынан бұл мәселеге жіті назар аударылмауда.
Осы орайда, министрлік жүйелі шараларды қамтитын 3 бағытта жоспардың жобасын жасап, мемлекеттік органдармен келісе отырып, Үкімет қарауына ұсынуға жоспарлап отыр. Аталған жоспар жергілікті әрі халықаралық деңгейге дейінгі әртүрлі жұмыстарды ұйымдастыруға негізделген және ЮНЕСКО-ның қағидаларына сәйкес келеді.
Бірінші бағыт – Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау жөніндегі конвенцияға сәйкес, ЮНЕСКО қорғауындағы ескерткіштермен кешенді жұмыс жүргізу. Бұл бағытта басым мәселелердің қатарына ЮНЕСКО стандарттарын сақтау, қорғалатын және буферлік аймақтарды мониторингілеудің заманауи технологияларын енгізу, сондай-ақ Бүкіләлемдік мұра тізіміндегі 3 номинацияны (10 ескерткіш) басқарудың менеджмент-жоспарын әзірлеу жатады. Бұл мәселе бойынша ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитеті елімізге бірнеше рет назар аударды. Сонымен қатар Президент тапсырмасына сай республикалық және жергілікті маңызы бар ескерткіштер туралы Бірыңғай цифрлық база құрылады.
Қазақстан ескерткіштерін халықаралық аренада таныту үшін оларды ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу санын көбейту бойынша белсенді қадамдар жасалуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың қаңтарында ЮНЕСКО қарауына екі номинациялық құжат жолданды. Олар – «Маңғыстау жерасты мешіттері» және Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанмен бірлесіп дайындалған «Жібек жолы. Ферғана-Сырдария дәлізі» трансұлттық номинациясы. Халықаралық регламенттерді ескере отырып, 2026 жылы ЮНЕСКО тізіміне 11 жаңа қазақстандық ескерткішті енеді деп күтілуде.
Екінші бағыт – ЮНЕСКО конвенциясының қағидаттарына сәйкес, материалдық емес мәдени мұраны немесе «жанды» мұраны сақтау және қолдау. Негізгі міндеттердің бірі – біліктілікті арттыру курстарын және елдің жоғары оқу орындарында пәнаралық білім беру бағдарламаларын енгізу арқылы әкімдік қызметкерлерінің, білім, ғылым және мәдениет ұйымдары мамандарының кәсіби деңгейін арттыру. Ең маңызды міндеттердің бірі – жойылу қаупі төніп тұрған элементтерді түгендеу және құжаттау бойынша кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу. Күтілетін нәтижелердің бірі – материалдық емес мұраны басқарудың тиімді тетіктерін әзірлеу. Осы тұрғыда, ЮНЕСКО-ның 2024 жылы бөлген гранты ерекше маңызға ие, ол 5 пилоттық салада практикалық шешімдерді енгізуге бағытталған.
Министр жақында ғана біздің ерекше дәстүріміз – «Беташар» рәсімінің мәдени маңыздылығы халықаралық деңгейде танылғанын еске салды. Осы жылдың наурыз айында «Салбурын» мен «Алпамыс батыр» номинациялары бойынша құжаттар әзірленіп, ЮНЕСКО қарауына ұсынылды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі қызметінің үшінші бағыты бағыты – ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы аясында құжаттық мұраны сақтау, оның қолжетімділігі мен танылуын қамтамасыз етумен байланысты. Бүгінде ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының Халықаралық тізімінде еліміздің бар-жоғы 4 құжаттық мұрасы бар. Олар – Қожа Ахмет Ясауи мен оның шәкірті Бақырғанидың қолжазбалары, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының аудиовизуалдық құжаттары және Арал теңізі архив қорларының құжаттары, сондай-ақ «Хандар шежіресі» бірегей қолжазбасы.
Министрлік аталған мәселелерді шешу мемлекеттік орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жүйелі жұмысын қажет етеді деп санайды. Осыған байланысты барлық мүдделі тараптардың қызметін біріктіретін Кешенді жоспар әзірлеу ұсынылды.
Облыс әкімдіктері ескерткіштерді қорғаудың құқықтық режимін қамтамасыз ету, дүниежүзілік мұра нысандарының буферлік және қорғау аймақтарын айқындау, ЮНЕСКО форматы бойынша мәдени мұра элементтерін құжаттау мен түгендеу жұмыстарына жіті назар аудару, ЮНЕСКО мен Ескерткіштерді және көрнекті жерлерді қорғау жөніндегі халықаралық кеңес (ИКОМОС) сарапшыларының қатысуымен мәдени мұра мәселелері бойынша семинарлар, дәрістер мен ағартушылық іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру қажет.
Ғылым және жоғары білім министрлігі мәдени мұра саласындағы мамандарды даярлау бойынша білім беру бағдарламаларын енгізу, мәдени-тарихи мұраны зерттеу және сақтау саласымен айналысатын жас ғалымдарға гранттық қолдау көрсетіп, кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу ұсынылады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәдени-тарихи нысандарға қатысты цифрлық платформалар мен ұлттық деректер базаларын әзірлеуге қолдау көрсетуі тиіс.
Оқу-ағарту министрлігі оқушылар арасында мұраның құндылығын ұғынуды қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру ұсынылады.
Қаржы министрлігі республикалық бюджетте мәдени мұраны сақтауға және насихаттауға бағытталған іс-шараларды қаржыландыруды көздеуі қажет.
Туризм және спорт министрлігі мәдени және табиғи мұра нысандарын қамтитын, әсіресе аралас мұра аймақтарына басымдық бере отырып, туристік маршруттарды әзірлеу және енгізу, дүниежүзілік және ұлттық маңызы бар мұра нысандарының қорғау аймақтарында туристік және санитарлық инфрақұрылымды дамытуға жәрдемдесу ұсынылады.
Сыртқы істер министрлігі халықаралық бастамалар мен трансұлттық сериялық номинацияларға соның ішінде «Жібек жолы» бойынша дипломатиялық және құқықтық қолдау көрсету, ИККРОМ сияқты халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды жандандыру ұсынылады.