Олжас Бектенов Қазақстан машина жасаушылары форумында Мемлекет басшысының құттықтау сөзін оқыды

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан машина жасаушыларының XII форумына қатысып, машина жасау және металл өңдеу бойынша VI Халықаралық арнайы көрмеде индустрия көшбасшыларының жетістіктерімен танысты.
Форумның ашылуында Премьер-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқыды. Еліміздің орнықты экономикалық өсуіндегі машина жасау саласының рөліне ерекше назар аударылды.
«Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі машина жасау саласының үлесі соңғы бес жылда 13-тен 19 пайызға дейін өсті. Былтыр өндіріс көлемі 4,6 триллион теңгеге жетті. Жаңа өнім түрлері шығарылып, тауар экспорты да айтарлықтай артты. Ел нарығына ауыл шаруашылығы техникаларын, автобустар, жеңіл және жүк көліктерін жасайтын жаңа компаниялар келді. Биыл Қазақстанда әлемдегі ірі компаниялардың жоғары технологиялы кәсіпорындары іске қосылады. Мұның бәрі – мемлекеттің отандық өндірісті қолдауға қатысты жүйелі шараларының жемісі. Машина жасау ісін одан әрі өркендете түсу үшін жергілікті өндірістің үлесін арттыру және озық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні жаппай енгізу қажет. Сонымен қатар жұмысшыларға жайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, білікті мамандар даярлауға және олардың біліктілігін көтеруге жете көңіл бөлу маңызды. Экономикалық тұрақсыздық жағдайында болашағы зор салалар мен бағыттарды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Еліміздің машина жасау саласы бүкіл экономикамызды өркендетуге тың серпін беру үшін өз әлеуетін толық іске асыра алады деп сенемін», — деп атап өтілген құттықтау хатта.
2024 жылдың қорытындысы бойынша машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 10%-ға өсті. Осы жылдың I тоқсанында аталған көрсеткіш 17%-дан асты, бұл саланың жоғары әлеуетін және қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді.
Пленарлық отырыста машина жасау кәсіпорындарын қолдау, локализациялауды тереңдету, жаңа технологиялық үдерістерді игеру шаралары, сондай-ақ машина жасау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.
Сондай-ақ отырысқа қатысушылар бірқатар өзекті мәселе көтерді. Karlskrona LC AB бас директоры Талғат Алпысбаев саладағы өзгерістерді талап ететін негізгі аспектілерді – отандық шикізатқа қолжетімділік және ұзақмерзімді қаржыландыру мәселелерін атап өтті. Шикізат ресурстарын бөлу тетіктерін заманауи әрі технологиялық жобаларды жүзеге асыратын кәсіпорындар үшін жеңілдікпен несиелеу мүмкіндіктерін кеңейтуге және ішкі өңдеуге басымдық бере отырып, қайта қарау бойынша ұсыныстар айтылды.
Hyundai Motor Company бас менеджері Ан Джунмо компанияның Қазақстандағы локализациялауды әрі қарай дамыту жоспарлары туралы айтты.
Қытайдың Халықаралық сауданы қолдау комитеті Машина жасау комитетінің вице-президенті Чжоу Хаймин негізгі компоненттерді локализациялау арқылы жоғары технологиялы машина жасау өнімдерін шығаратын бірлескен өндірістер құруға инвестиция салу бойынша қытайлық компаниялардың жоспарларымен бөлісті.
Форумның пленарлық отырысы барысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев, KUKA AG компаниясының аға вице-президенті Дмитрий Капишников өз пікірлерін білдірді.
EXPO халықаралық көрме орталығында Премьер-министр VI Халықаралық машина жасау және металл өңдеу арнайы көрмесі Kazakhstan Machinery Fair экспозицияларын тамашалады. Қазақстандық және шетелдік 20-дан астам елдің компаниялары өз әзірлемелерін ұсынды. Халықаралық қатысушылардың қатарында Германия, Оңтүстік Корея, Қытай, Швейцария, Ресей, Италия, Чехия және басқа да елдердің ірі кәсіпорындары бар.
Karlskrona LC AB кәсіпорны мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі, су және атом энергетикасы салаларында кешенді техникалық шешімдер әзірлеуге маманданған. Компания жылына 5 мың тоннаға дейін құйма өнімдерін шығарады. Саран қаласындағы QazTehna зауыты Yutong, Sinotruk және Scania маркалы автобус және коммерциялық көліктер желісін таныстырды. 2024 жылы кәсіпорын 1560 техника шығарды, локализациялау деңгейі 36%-дан асты. Жоспарда өндіріс көлемін әрі қарай кеңейту және қазақстандық қамтуды 50%-ға дейін арттыру қарастырылған. «Қазақстан инжиниринг» компаниясы қорғаныс, көлік, энергетика және мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы заманауи әзірлемелерін ұсынды. Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорны Қазақстанда құрастырылған автокөліктерді таныстырды. Толық циклді өндіріс Алматы қаласында орналасқан және жылына 50 мың бірлікке дейін өнім шығаруды қамтамасыз етеді. «Қазэксимекс» ЖШС компаниясы металл өңдеу өнімдерін ұсынды. Кәсіпорын өнеркәсіптің негізгі салаларында, атап айтқанда, авиация, автомобиль, кеме жасау, энергетика және медицина өнеркәсібінде жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асырады. Сондай-ақ қатысушылар бірқатар компания павильондарын аралады.