Cемей26°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
515.03 584.82 6.24

Аймақ басшысы Қарақол ауылындағы мәдени нысандарды аралады

Бүгін, 08:33 Думан Кенжеғазыұлы

Облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданына жұмыс сапары барысында Қарақол ауылындағы орта мектеп-бақшасының жұмысымен танысты.

2010 жылы салынған білім ордасында 50-ге жуық педагог еңбек етеді. 600 орынға шақталған ғимаратта 279 оқушы оқиды. Мұнда 50 балаға арналған балабақша да орналасқан.

Мектепте 4 жылу қазандығы жұмыс істейді. Қазіргі таңда соның екеуі ауыстыруды қажет етеді. Мектеп директоры облыстық Білім басқармасына бюджеттік өтінім берілгенін жеткізді.

Аймақ басшысы ауылдағы дәрігерлік амбулаторияда да болды. Медициналық мекеме күніне 20 адамға дейін қабылдай алады. Қазір мұнда 1500-ден астам тұрғын тіркелген.

Дәрігерлік амбулаторияның өзекті мәселесі - ғимараттың ескілігі. 1975 жылы салынған нысанда соңғы 15 жылда бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Жылу қазандығы ескірген. Ғимараттың өзі толық жаңғыртуды талап етеді. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Қарақол ауылдық округіне қарайтын Сағат елді мекеніндегі медициналық пункт санитарлық талаптарға сай келмейді. Жаңа ғимарат салу қажеттігі туындап отыр.

Облыс әкімі елді мекендегі Мәдениет үйін аралап, жәй-күйімен танысты. Ғимарат 1987 жылы салынған. Бір қабатты мәдениет ошағы 230 орынға шақталған. Мұнда домбыра үйірмесі, драма тобы, «Қарақолым» ардагерлер ансамблі жұмыс істейді.

Ауыл тұрғындарының мәдени өмірі үшін маңызды нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. Ғимараттың жылу жүйесі мен электр қазандығын ауыстыру қажеттігі туындап отыр.

Шалғайдағы ауылдың тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімі елді-мекендегі әлеуметтік нысандардың мәселесі назардан тыс қалмайтынын айтты.

«Бүгін бұрын өз алдына жеке аудан болған Таскескен өңірінің ауылдарының тыныс-тіршілігімен, мәселелерімен танысайын деп арнайы келдім. Қарақол - 2 мыңға жуық халқы бар, болашағы зор ауылдардың бірі. Биыл елді мекеннің 5 көшесіне асфалть төселеді. Ауылдағы басқа мәселелер кезең-кезеңімен, жүйелі түрде шешілетін болады. Әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі»,- деді аймақ басшысы.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив