Cемей26°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
515.03 584.82 6.24

Облыс әкімі Семейдегі мәдени нысандардың мәселесімен танысты

Бүгін, 11:18 Думан Кенжеғазыұлы

Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы бірқатар мәдени нысандарды аралап, өзекті мәселелерімен танысты.

Аймақ басшысы әуелі Абай музейіне барды. 1940 жылы ашылған мәдени нысанның облыс аумағында 9 филиалы жұмыс істейді. Музей қорында 22 мың жәдігер бар.

Облыс әкімі музейдің қор сақтау бөлімі мен кітапханасын аралап көрді. Қор сақтау бөлмесінде 20 мыңнан астам жәдігер, кітапханада 16 мыңнан астам кітап сақталған. Кітапхана ашылғалы бері жөндеу көрмеген. Жертөледе орналасқандықтан сыз тартып, құнды кітаптар мен жәдігерлер бүліне бастаған.

«Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени музейінің директоры Ұлан Сағадиев аймақ басшысына Жидебайдағы қорықты қоршау, Абай-Шәкәрім кесенесіне және филиалға қарасты аудандардағы музейлерге жөндеу жүргізуге көмек көрсетуді сұрады.

Облыс әкімі музейде абайтанушы Арап Еспенбетов және белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовпен кездесті. Зиялы қауым өкілдері өңірдің руханияты мен мәдениетіне қатысты ойларын ортаға салды. Мәдени нысанға ұлттық мәртебе беру жөнінде ұсыныстарын айтты. Аймақ басшысы ұсыныстарды ескеріп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі 1870 жылы салынған. 600-ден астам құнды жәдігер сақтаулы. Мұнда 72 адам еңбек етеді. Нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. Ғимараттың қасбеті, едені ескіріп, кейбір бөлмелердің қабырғаларында жарық пайда бола бастаған. Қалыпқа келтіру үшін ғылыми-жобалық құжаттама әзірленген.

1883 жылы құрылған тарихи-өлкетану музейі - еліміздегі ең көне мәдени нысандардың бірі. Мекемеде 81 қызметкер еңбек етеді. Аудандарда 5 филиалы бар. Мұндағы өзекті мәселе - ғимараттың тарлығы. Қорда сақталған 137 мыңға жуық жәдігер су, жылу құбырлары өтетін ескі жертөледе орналасқан.

Федор Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық музей 1971 жылы жазушының 150 жылдығына орай ашылған. Қаламгердің құнды мәліметтері сақталған үздік үш музейдің қатарына кіреді. Мұнда XVIII-XIX ғасырлардағы сирек кітаптар мен құнды жәдігерлер сақталған. Жалпы саны 27 мыңнан астам экспонатты цифрлық форматқа көшіру үшін арнайы сканер қажет. Бұл ғимаратқа да күрделі жөндеу жүргізілмеген. Шатырдан су ағып, экспозициялық жабдықтар мен монументалды суреттерге залал келген.

Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінің директоры Татьяна Стромская мен Федор Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық музейінің директоры Ирина Соловьева облыс әкіміне өздері басқарып отырған мекемелердің ғимараттарын кеңейту, дамыту бойынша ұсыныстарын айтты.

Аймақ басшысы қаладағы мәдени нысандарға кезең-кезеңімен жаңғырту жүргізілетінін атап өтті.

«Бүгін Семейдегі музейлердің тыныс-тіршілігімен, өзекті мәселелерімен таныстым. Бұл мәдени нысандар осы уақытқа дейін әбден қараусыз қалған екен. Барлығы күрделі жөндеуді қажет етеді. Жертөлеге түсіп, құнды жәдігерлердің қазіргі жағдайын көрдім. Өкінішке қарай, күн өткен сайын тозып, бүлініп барады. Заман талабына сай жабдықтамасақ, бағалы мұраларымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан музейлерді жөндеуді биылдан бастаймыз»,- деді облыс әкімі.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив