Cемей14°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
512.32 582.92 6.29

Антикор 2025 жылдың бірінші тоқсанын қорытындылады

Бүгін, 14:59 Думан Кенжеғазыұлы

Ағымдағы жылдың 25 сәуірінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Асхат Жұмағалидің төрағалығымен а.ж. 1 тоқсанының қорытындысы бойынша жедел кеңес өтті.

Кеңесте Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы түбегейлі күреске, оның себептері мен жағдайларын жоюға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға бағытталған тапсырмаларын орындауға ерекше назар аударылды.

Тапсырмаларды іске асыру шеңберінде ведомствоның жұмысы азаматтарды толғандыратын жүйелі проблемаларды шешуге бағытталған.

Қызмет барысында заңдылық пен әділеттілік қағидаттарын қамтамасыз етуге маңызды мән беріледі.

Мәселен, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 67 талдау және мониторинг жүргізілді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 500-ден астам ұсынымдар мен ұсыныстар енгізілді.

Агенттік туризм саласындағы сыртқы талдауды және мектепке дейінгі мекемелерді қаржыландыру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті аяқтады.

Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша туризм саласында қаржыландыру басымдықтарының бұлыңғырлығына, ұлттық парктер мен өзге де туристік аймақтарды тиімсіз басқаруға, сондай-ақ туристік өнімді жылжытуға арналған бюджет шығыстарының ашықтығына байланысты жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері белгіленді.

Оларды жою бойынша, оның ішінде озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, ұсынымдар әзірленді.

Аумақтық департаменттерге күш-жігерді сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және азаматтар мен кәсіпкерлер үшін қолайлы орта қалыптастыруға жұмылдыру тапсырылды.

Мемлекеттік сатып алу және қаражатты мақсатты жұмсау мониторингі барысында Агенттік жыл басынан бері 21,2 млрд теңге сомасына ұтымсыз пайдаланудың алдын алды, оның 6,4-і бюджетке қайтарылды.

Атап айтқанда, Ұлытау облысының Жезқазған қаласының әкімдігі жолдарды күтіп ұстауға 1,2 млрд теңге бөлген, бұл қажеттіліктен едәуір асып түсті. Қабылданған шаралармен шығындардың құны шамамен 350 млн теңгеге төмендетілді және артық қаражат бюджетке қайтарылды.

Алматы облысында Қонаев қаласында Мемлекеттік сатып алуға жататын екі жер учаскесінің құнын 1,2 млрд теңгеге арттыру фактілері анықталды.

Жамбыл облысында әкімдіктің туризмді дамытуға бөлінген 208 млн теңгені мақсатсыз жұмсауына жол берілмеді. Қаражат бюджетке толық көлемде қайтарылды.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді тетіктерінің бірі әкімшілік практика болып табылады.

Әкімшілік іс жүргізу шеңберіндегі алдын алу әсері болашақта қылмыстық сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жасалуының алдын алуға мүмкіндік береді.

Есепті кезеңде 18 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 5 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Бұл негізінен мүдделер қақтығысы және мемлекеттік органдардың бизнес қызметіне заңсыз араласуы фактілері.

Агенттік басшылығымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру, «Бизнеске жол» жобасы арқылы бизнесті қолдау және әлеуметтік маңызы бар объектілердің құрылысына мониторинг жүргізу бойынша тапсырмалар берілді.

I тоқсанда 3 мыңға жуық кәсіпкердің құқықтары қорғалды, 24 проблемалық іс шешілді.

Мәселен, Жетісу облысында Антикордың ұсынысы бойынша бизнеске арналған су тарифтері қайта қаралды, бұл кәсіпкерлерге 23 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік берді.

Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағартудың басым бағытын іске асыруды жалғастыруда.

Ағымдағы жылдың 1-тоқсанында 450 мыңға жуық азаматты қамтыған 3 мыңнан астам іс-шара өткізілді.

«Тәртіпті өзіңнен баста!» акциясы шеңберінде 2 мың іс-шара ұйымдастырылып, оған 390 мың оқушы мен студент қатысып, бүкіл ел бойынша «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілетуге септігін тигізді.

Әкімдіктермен бірлесіп өңірлік Антикор департаменттерімен жастар арасында парасаттылық қағидаттарын ілгерілету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі кешенді жоспарлар іске асырылуда.

Кеңес барысында аумақтық бөлімшелердің жедел және тергеу қызметі талданды, сыбайлас жемқорлық қылмыстарынан келтірілген залалды өтеу бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі бағаланды.

Есепті кезеңде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының іс жүргізуінде 770 қылмыстық іс болды, оның 300-ге жуығы аяқталды.

Аяқталған қылмыстық істер мен үкімдер бойынша мемлекетке 15 млрд теңге өтелді.

Агенттіктің барлық бөлімшелерінің жұмысында әлеуметтік маңызы бар салалардағы жүйелі сыбайлас жемқорлық көріністерін жою және жолын кесу маңызды болып қала береді.

Орталық және өңірлік бөлімшелердің басшылары бюджетті жымқыру үшін мүмкіндіктерді жоюға, сондай-ақ қаражат бөлу кезінде құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бағдарланған.

Кеңес қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыру, заң үстемдігін нығайту және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде Агенттік азаматтардың әл-ауқатын арттыру және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мақсатында қоғамда заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықты жою жөніндегі жұмысты жалғастырады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив