Қазақы ұлттық құндылықты ұлықтаған Марина

Марина Бессуднова – Семей қаласының іргесіндегі Озерки ауылындағы орта мектепте қазақ тілінде сабақ беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген ұстаз. Мамандығы – информатика пәнінің мұғалімі. Осыдан 16 жыл бұрын «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келген Марина Давыдовна бірнеше рет облыстық байқауларға қатысып, қазақтың ұлттық құндылықтары мен дәстүрлерін насихаттайтын челлендж бастауымен де жақсы танлған еді. Сонымен қатар өз пәнінде ұлттық ойындарды пайдалана отырып, авторлық оқыту әдістемесін енгізгені де ерекше атап өтер кәсіби шеберлігін көрсетсе керек.
Мәселен, ол сабақта оқушыларды топқа бөліп оқыту барысында «Асық» «Жетіген», «Домбыра» сынды қазақттың ұлттық құндылығын айқындайтын тәсілдерді қолданады. Оқушылар «Жеті тақия», «Теңге алу», «Арқан тартыс» сияқты топтық жұмыстарға да қызыға қатысады. Маринаның қазақ тілінде кітап оқып, ән айтқаны да әріптестерін әрдайым сүйсінтеді. Осындай қасиеттерімен дараланғандықтан болар, ол биыл облыста алғаш рет өткен «Үздік ауыл мұғалімі-2024» облыстық конкурсында жүлделі І орынға ие болды.
Информатика пәні мұғалімі қазақ мектебінде оқыған, жоғары оқу орнында қазақ тілінде білім алды. Қазақ тіліне деген құрметі, сүйіспеншілігі бала күнінен басталыпты.