Cемей22°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
518.53 588.17 6.39

Сенат Төрағасы Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысымен кездесті

Бүгін, 12:00 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы То Ламмен кездесті.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде мейманды аталған елдегі маңызды мейрам – Бірігу күнінің 50 жылдығымен құттықтай келіп, Қазақстан Вьетнаммен стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға айрықша мән беретінін айтты.

«Вьетнам Социалистік Республикасы – Қазақстанның оңтүстік-шығыс Азиядағы маңызды және сенімді серіктесі. Сіздің Қазақстанға сапарыңыз екіжақты қарым-қатынасты дамытудың жаңа кезеңіне жол ашады және елдеріміз арасындағы достық пен серіктестікті одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп сенемін. Қазақстан Парламентінің Сенаты сіздің сапарыңыз барысында қол жеткізілген барлық уағдаластықты тиімді іске асыруға ықпал ететін болады», – деді Палата Төрағасы.

Сонымен қатар Сенат Спикері парламентаралық деңгейде өзара іс-қимылды одан әрі дамытудың маңызды екеніне және заң шығару саласындағы ынтымақтастық тетіктеріне назар аударды.

«Парламентаралық диалог елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолында маңызды рөл атқарады. Біз Қазақстан Парламенті мен Вьетнам Ұлттық жиналысы арасында қалыптасқан достық байланыстарды жоғары бағалаймыз және оны әрі қарай нығайтуға мүдделіміз. Бұл ретте қазір жұмыс істеп тұрған парламентаралық достық топтарының қызметі екіжақты ынтымақтастықтың маңызды тетігі екені анық», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге қатысты мәселелер бойынша да пікір алмасты. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, логистика, ақпараттық технологиялар және басқа да бағыттарда өзара іс-қимылды жандандыру барысы сөз болды.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне тұрақты қатысып, оның идеяларын қолдап келе жатқаны үшін Вьетнамның дін өкілдеріне алғыс білдірді.

Өз кезегінде То Лам Қазақстанда жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси өзгерістерге жоғары баға берді және рухани дипломатияның қазіргі таңдағы рөліне ерекше назар аударып, бұл бағыттағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив