Бородулихада шведтік «DeLaval» компаниясының заманауи қондырғысы пайдаланылуда
Облыс әкімі Берік Уәли ауданға жұмыс сапары барысында «Новая Заря» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.
2007 жылы құрылған серіктестік аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі. Негізгі бағыты – өсімдік шаруашылығы мен сүт бағытындағы ірі қара өсіру. Серіктестікте 120 адам еңбек етеді. Былтыр 7665 гектарға егін ексе, биыл бұл көрсеткішті 8 мың гектарға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Шаруашылық техника паркін үнемі жаңартып отырады. Соңғы 2 жылда техника алуға 800 миллион теңгеге жуық инвестиция салған.
Мұнда симменталь тұқымды сиырлар өсіріледі. Сүт фермасында шведтік «DeLaval» компаниясының заманауи қондырғысы орнатылған. Жобаға шаруашылық тарапынан 380 миллион теңге жеке қаражат жұмсалған, мемлекеттік бағдарламалар арқылы 58 миллион теңге берілген.
Аймақ басшысы егістікпен айналысатын шаруашылықтарда жүзеге асырылған жобаларды жоғары бағалап, заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмысты жалғастыру керектігін атап өтті.