Cемей30°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
510.06 566.32 6.32

Еліміздің астық егетін аймақтарына егіс науқанын әдеттегіден ертерек жүргізу ұсынылуда

Бүгін, 10:54 Думан Кенжеғазыұлы

Еліміздің көптеген өңірінде ыстық әрі құрғақ ауа райы, дегенмен астықты өңірлерде, тау бөктерлері мен оңтүстіктің шеткері аймақтарында жауын-шашын көлемі климаттық нормаға жақын мөлшерде болады деп болжануда. Бұл туралы Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді.

Биыл еліміздің көп бөлігінде қыс жылы және қарлы болып, топырақтың жақсы ылғалдануына әсер етті. Еліміздің солтүстігі мен орталығының егіс алқаптарында ылғал қоры негізінен қанағаттанарлық әрі тиімді. 

«Алайда, сәуірдегі ыстық ауа райы белсенді булануға себеп болды. Ылғал тез кетіп, сол себепті егіс кезеңінде Батыс Қазақстан облысында (Сырым ауданы) топырақ ылғалының қоры жеткіліксіз болуы күтілуде. Астық егетін аймақтарда егін егу жұмыстарын мерзімнен ертерек жүргізу ұсынылады», — деп атап өтті Ерлан Нысанбаев. 

Министр сонымен қатар мамыр айы республиканың көп бөлігінде ыстық және құрғақ болады деп күтіліп отырғанын мәлімдеді. Дегенмен, астықты өңірлерде, тау бөктерлері мен оңтүстіктің шеткері аймақтарында жауын-шашын көлемі климаттық нормаға жақын мөлшерде болады деп болжануда. 

Құрғақшылық жағдайы Қостанай, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының оңтүстігінде, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Абай және Түркістан облыстарының солтүстік аудандарында қалыптасуы мүмкін.

Жауын-шашын көбінесе батыста және солтүстік-шығыста қалыпты шекте күтіледі, ал қалған аумақта көбінесе нормадан аз болады, бұл құрғақшылық жағдайды күшейтуі мүмкін деп күтіліп отыр.

Маусым айында Қазақстанның басым бөлігінде айлық орташа ауа температурасы норма шегінде, яғни елдің солтүстігі мен орталығында 17-20 градус, ал батысында 23-25 градус болады деп күтіледі. 

Оңтүстік-батыста және оңтүстіктің шеткері аудандарында әдеттегіден ыстығырақ болады, ауаның орташа температурасы 24-28 градус, ал максималды температура 45 градусқа дейін жетеді.

Биылғы тамыз және қыркүйек айлары егін жинау жұмыстарына қолайлы болады. Экология және табиғи ресурстар министрінің мәліметінше, мол және ұзақ жауын-шашын күтілмейді, ал еліміздің басым бөлігінде ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 1 градусқа жоғары деп болжанады.

«Жаз айларының алдын ала болжамы нақтыланып, ай сайынғы болжамдармен толықтырылады, сондай-ақ барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен халыққа жеткізіледі», — деп түсіндірді министр. 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив