Сенат Спикері Армения Ұлттық Жиналысының Төрағасымен кездесті

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаев Армения Ұлттық жиналысының Төрағасы Ален Симонян бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық және парламентаралық байланыстарды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Палата Төрағасы Сенатқа келген меймандарға ілтипат білдіріп, Қазақстан мен Армения арасында жоғары деңгейде сындарлы және сенімді диалог қалыптасқанын атап өтті. Сондай-ақ мемлекет басшылары белгілеп берген өзара іс-қимылдың қалыптасқан қарқынын әрі қарай сақтаудың маңызды екені айтылды.
«Армения – Қазақстанның сенімді және жақын серіктестерінің бірі. Елдеріміз арасында өзара құрметке негізделген саяси диалог қалыптасты. Экономикалық өзара іс-қимыл нығайып келеді. Мәдени-гуманитарлық байланыстар да жолға қойылған. Осы ретте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың былтыр Ереванға жасаған алғашқы ресми сапары мен Армения Президенті Ваагн Гарникович Хачатурянның Астанаға жасаған сапарын атап өткім келеді. Сапар кезінде бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Олардың қатарында Қазақстан мен Армения басшылығының Бірлескен мәлімдемесі және 2024-2025 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жол картасы да бар. Қабылданған құжаттар қазақ-армян достығы мен серіктестігінің мызғымастығын растай отырып, ынтымақтастықтың жаңа бағдарларын белгілеп берді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Спикері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ален Симонянды қабылдағанына назар аударып, сол кезде өткен келіссөздердің маңызына тоқталды. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты, оның ішінде парламентаралық байланысты одан әрі нығайту қажет екені сөз болды.
«Біз Қазақстан мен Армения Парламенттері арасында қалыптасқан достық байланыстарды жоғары бағалаймыз. Қазіргі таңда біздің парламентаралық қарым-қатынасымыз жүйелі және жан-жақты сипатқа ие. Екі Парламентте де достық топтары құрылып, белсенді жұмыс істеп келеді. Алдағы уақытта да Қазақстан мен Армения депутаттарының өзара сапарлары жалғаса береді деп үміттенеміз. Депутаттарымыз ТМД Парламентаралық ассамблеясы, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы, Еуропа Кеңесі және Парламентаралық Одақ аясында көпжақты форматта тығыз байланыс орнатты. Сіздің Қазақстанға сапарыңыз парламентаралық ынтымақтастықты әрі қарай кеңейте түседі деп сенемін», – деді Сенат Спикері.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың әлеуетіне де тоқталды. Нақты айтқанда, көлік және логистика, энергетика, IT сияқты екі тарап та мүдделі салаларда бірлескен жобаларды іске асыруға қатысты ұсыныстар айтылды.
Сенат Төрағасы екі халық арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтудың да маңызды екенін тілге тиек етіп, рухани дипломатияны ілгерілету мәселелеріне мән берді. Бұл ретте биыл қыркүйек айында Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне дайындық барысы туралы кеңірек сөз болды.
Өз кезегінде Армения Ұлттық жиналысының Төрағасы Ален Симонян Қазақстанның бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін халықаралық бастамаларына жоғары баға берді және көпжоспарлы өзара байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.