Абай облысында 1000 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын өндіріс ошағының іргетасы қаланды
Жаңа Семей ауданының Шақаман ауылында ет және ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешеннің құрылысы басталды. Өңір үшін маңызды нысанның іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, «Eurasia Agro Semey» ЖШС құрылтайшылары ағайынды Сайлау, Ерлан Мұқашевтар қатысты.
Ет және ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешен бір ауысымда 35 тонна ет өнімін өңдеуге мүмкіндік береді. Мұнда ірі қара, қой және жылқы етін өңдеу арқылы сапалы шұжық, консервіленген өнімдер, жартылай фабрикаттар мен жоғары санатты ет деликатестері өндіріледі. Бұл өндіріс тері-былғары саласына қажетті шикізатты ұсыну арқылы өңірде толық өндірістік тізбекті, яғни өндірістің экожүйесін қалыптастырады. Сонымен қатар қалдықсыз технологияларды қолдану арқылы экологиялық талаптарға толық сәйкес келеді.
«Eurasia Agro Semey» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыратын, Австралия және Еуропаның заманауи технологиясымен жабдықталатын ет комбинаты жобасының құны 7,7 млрд теңгені құрайды. Жоба іске асқанда 1000 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Жоба бойынша 7 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңы дайындалған. Қазір 10 мың бас ірі қараға арналған алаң салу үшін жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Аталған жоба Абай облысын 2027 жылға дейін дамыту жоспарына енгізіліп, өңірлік және ұлттық деңгейде басымдыққа ие жоба ретінде танылды. Мемлекет басшысы бұл бастаманы 2025 жылдың ақпан айында өткен жұмысшы мамандықтарының көрмесінде жеке атап өтіп, жобаның маңыздылығына назар аударды. Сондай-ақ Президент Әкімшілігі тарапынан тұрақты бақылауға алынып, іске асырылуына қолдау көрсетіліп отыр.
Облыс әкімі мұндай ауқымды инвестициялық жобаның өңір үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Өндірістік кешенді 2026 жылы тамыз айында іске қосу жоспарланып отыр.