Мәулен Әшімбаев Парламент Сенаты мен Ұлттық Банктің бірлескен оқыту курсында сөз сөйледі

Астанада Парламент Сенаты мен Қазақстан Ұлттық Банкінің бірлескен оқыту курсы басталды. Жаңа бастама қатысушылардың ақша-несие саясаты жөніндегі білімін толықтыруды көздейді. Жоба аясындағы алғашқы дәрісті Палата Спикері Мәулен Әшімбаев пен Ұлттық Банктің Төрағасы Тимур Сүлейменов оқыды. Дәріс барысында ұлттық және халықаралық экономикадағы негізгі реформалар талданды. Сондай-ақ макроэкономикалық саясатты қайта жаңғыртуға арналған сараптамалық-заңнамалық жұмыстың басым міндеттері белгіленді.
Оқыту курсы Сенат жанындағы Талдау мектебі мен Сарапшылар клубы аясында еліміздегі сарапшылар қауымдастығының аналитикалық қабілеттерін шыңдау бағытында Палата жүргізіп келе жатқан жұмыстың жалғасы екенін атап өткен жөн. Төрт апталық курсқа 40 тыңдаушы қатысуда. Олардың қатарында Сенат жанындағы Сарапшылар клубының мүшелері мен Талдау мектебінің түлектері және монетарлық саясат тақырыбына маманданған журналистер бар. Жобаның басты мақсаты – ақша-несие саясатын жан-жақты талқылау арқылы әр саладағы аналитиктердің бұл бағыттағы шешім қабылдау процесімен жақын танысуына жағдай жасау.
Алғашқы дәріс сұраныс пен ұсыныс теориясына, нарықтық тепе-теңдік пен икемділікке және негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге арналды. Бұдан басқа, іс-шарада Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштерінің динамикасына ретроспективті талдау жүргізілді және жабық экономика модельдері мен озық халықаралық тәжірибелер зерделенді.
Мәулен Әшімбаев атап өткендей, мемлекеттің экономикалық саясатының тиімділігін арттыруды көздейтін міндеттерді нәтижелі іске асыру және жаһандық экономикалық тәртіптің өзгеруі жағдайында жаңа сын-қатерлерді еңсеру үшін талдамалық дағдыларды дамыту айрышқа мәнге ие. Сондықтан аталған оқыту курсы тыңдаушыларға қазіргі экономикалық ахуалды терең түсіндіру және соған байланысты кәсіби тұрғыдан әрекет етуіне ықпал жасау мақсатымен ұйымдастырылып отыр.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ақша-несие және фискалдық саясат арасындағы теңгерімсіздіктерді жою керектігін бірнеше рет атап өтті. Бұл бағыттағы іс-әрекеттер сенімді деректерге, тыңғылықты талдауға және сапалы сараптамаға негізделуі қажет. Осы ретте жаңадан қолға алынып жатқан оқыту курсы Ұлттық Банк шешімдерінің қалай қабылданатынын, олардың инфляцияға, жұмыспен қамтуға, инвестицияларға, жинақтарға және елдің экономикалық өсуіне қаншалықты әсер ететінін түсінуге, осы бағытта тәжірибе жинауға жақсы мүмкіндік екені анық», – деп, Мәулен Әшімбаев жобаны ұйымдастырғаны үшін Ұлттық Банк командасына, сондай-ақ, ерікті негізде өз білімдерімен бөлісуге дайын болған дәріскерлерге алғыс білдірді.
Оқыту курсының қорытындысы бойынша тыңдаушылар базалық мөлшерлемені белгілеуге әсер ететін аналитикалық жұмыс туралы білімдерін молайтып, негізгі макроэкономикалық қатынастарды және артық техникалық жүктемесіз болжау негіздерін меңгереді. Одан бөлек, ақша-несие саясатының жалпы мәні мен маңызы жөнінде мәлімет алады.
Айта кетейік, былтыр Парламент Сенаты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, талдау кезінде «үлкен» деректер мен жасанды интеллектті қолдану тақырыбына арналған семинар өткізді. Сонымен қатар бұған дейін Taldau Talks подкастында монетарлық және фискалдық саясаттың өзекті мәселелері кеңінен талқыланғанын атап өткен жөн.