Сенатта автомобиль жолдарын салу және пайдалану проблемалары туралы Үкімет сағаты өтеді

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 22 мамыр күні болатын Сенат отырысының күн тәртібін бекітті. Сондай-ақ осы аптада өткізілетін іс-шараларды пысықтады.
Отырыс барысында Бюро мүшелері «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды Палата отырысының күн тәртібіне шығару жөнінде қаулы қабылдады.
Бұл заң екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. Атап айтқанда, бір Тараптың екінші Тараптың аумағындағы инвестицияларын жүзеге асыру, сондай-ақ, екі мемлекеттің аумақтарындағы инвестициялық қызметке байланысты мәселелерді реттеу үшін қолайлы режим құру тәртібі мен шарттарын айқындайды.
Сонымен қатар Бюро отырысында Сенат комитеттері өткізетін алдағы іс-шаралардың тақырыптары талқыланды. Осы аптада республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға арналған шығыстары бойынша мемлекеттік аудиттің нәтижелері туралы және Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік серіктестіктің мәселелері мен перспективалары жөнінде отырыстар өтпек. Сондай-ақ депутаттардың мүдделі тараптармен жасыл технологиялар мен инвестицияларды дамытуға қатысты бірқатар кездесуі ұйымдастырылады.
Жоспарланған маңызды іс-шаралардың бірі «Қазақстан Республикасында автомобиль жолдарын салу және пайдалану: ағымдағы жай-күйі, өзекті мәселелері мен оларды шешу жолдары» тақырыбына арналған Үкімет сағаты.
«Үкімет сағатында осыған дейін өткізілген кездесулерде сарапшылар айтқан ұсыныстарды ескере отырып, саладағы қордаланған мәселелерді жүйелі шешу жолдары талқыланады. Жолдың сапасы тек көлік инфрақұрылымы ғана емес, сондай-ақ, ол – тұрғындардың қауіпсіздігі, экономикалық белсенділік пен өмір сүру сапасының көрсеткіші. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жақында өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында көлік-логистика саласын дамыту мәселелеріне, оның ішінде ірі инфрақұрылымдық-транзиттік жобалардың жай-күйіне назар аударды. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды Мемлекет басшысы айқындап берген стратегиялық мақсаттар аясында нәтижелі жүзеге асыру – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Бюро мүшелері бұған дейін Парламент Мәжілісі қабылдаған заңдарды жұмыс үшін Сенаттың Комитеттеріне бөліп берді.