Абай облысы қытай инвесторларымен 1,568 миллиард АҚШ долларын құрайтын меморандумға қол қойды
Бүгін Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялы өлкесінің Алтай қаласында халықаралық «Үлкен Алтай» субөңірлік конференциясы өтуде. Оған Қазақстанның Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарынан, Ресейдің Алтай өңірінен және Моңғолияның шекаралас аудандарынан делегаттар қатысуда. Жүзге жуық адамнан құралған Абай облысының делегациясы құрамында мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, бизнес, білім саласының өкілдері бар.
Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінің партия комитетінің хатшысы Ма Синжуйдің төрағалығымен өткен конференцияда облыс әкімі Берік Уәли сөз сөйледі.
Абай облысы мен Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесі арасында 250 шақырымнан астам шекара бар. Өңірдің стратегиялық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі бағыттарының қиылысында орналасқан. Облыста халықаралық стандарттарға сай (ИКАО) әуежай жұмыс істейді. «Аягөз-Тачен» темір жолын салу арқылы өңірдің транзиттік әлеуетін көтеруге мүмкіндік бар.
Бүгінде Абай облысы мен Қытай арасындағы тауар айналымы 287 млн АҚШ долларын құрап отыр. Оның 256,9 миллионы экспортқа тиесілі. Өңірдегі биылғы жылдың басынан бері жасалған сауда айналымы өте жоғары. Облыс бойынша жалпы тауар айналымының 89 пайызы Қытай аймақтарымен шекара маңындағы сауда арқылы қамтамасыз етілді.
Бұл 2,3 млрд АҚШ долларын құрады.
2023 жылмен салыстырғанда шекара маңындағы сауда көлемі 503 пайызға өсіп, рекордтық көрсеткішке жетті. Ресей, Қазақстан және Қытайды жалғайтын «Омбы-Майқапшағай» жолы біздің өңір арқылы өтеді. Қытай Халық Республикасымен шекараға жақын орналасқан суы шипалы Алакөл туристік нысан ретінде айрықша мәнге ие.
Облыс әкімі конференцияда өңірдің инвестициялық әлеуетіне жан жақты тоқталып, Қытайдың шекаралас аймақтарымен ынтымақтастық аясын кеңейтуге барлық мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Конференция қорытындысында облыс әкімі Берік Уәли Шыңжаң Ұйғыр автономиялы өлкесі халық үкіметінің төрағасы Еркін Туниязбен және Қазақстан, Қытай, Ресей, Моңғолия мемлекеттерінің сегіз өңірінің өкілдерімен бірге «Үлкен Алтай» конференция аясындағы субөңірлік ынтымақтастық келісіміне қол қойды. Ерекше атап өтерлігі, шара аясында Абай облысының қала, аудан әкімдіктері, басқарма басшылары, кәсіпорын жетекшілері мен қытайлық инвесторлар арасында жалпы құны 1, 568 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылды.
Бұл Абай облысы мен Қытай тарабы арасында халықаралық логистикалық парк құру, білім беру және тұрғын үй кешендерін салу, ауыл шаруашылығы мен туризмді дамыту, қалдықтарды өңдеу және көгалдандыру, диодтық чиптер өндіру, трансшекаралық туризмді ілгерілету, ауыл шаруашылығы техникасы мен жем-шөп жеткізу, көлік және құрылыс инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ, тау-кен өндірісі, агробиотехнология, логистика және туризм салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.