Cемей30°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Мәжілісте 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп таныстырылды

20-05-2025, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінде Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі таныстырылды. Комитет төрайымы Татьяна Савельеваның жетекшілігімен өткен жиынға палата вице-спикері Дания Еспаева, депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Дания Еспаева 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы күрделі экономикалық жағдайда жүзеге асырылғанын атап өтті. Бұл ретте Үкіметтің негізгі міндеттеріне бюджетті сапалы қалыптастыру, тиімді орындау және әкімшілендіру кіреді. Дегенмен вице-спикер тәжірибе көрсеткендей, бюджетті атқару біршама проблемамен қатар жүретінін де айтты.

– Өкінішке қарай, депутаттық корпус бюджетті орындау кезінде Үкімет тарапынан жол берілетін проблемалар туралы үнемі айтып келеді. Бұл тіпті үйреншікті жағдайға айналды. Жыл сайын бюджеттің атқарылуы айтарлықтай тапшылықпен, мемлекеттік қарыз көлемінің ұлғаюымен, қаражаттың көп бөлігінің тиімсіз пайдаланылуымен және игерілмеуімен қатар жүретінін айтуымыз керек. Сонымен қатар 2024 жыл ішінде бюджет 12 рет түзетілді, бұрын-соңды мұндай көп түзету болмаған. Бұл жоспарлау сапасының төмен екенін көрсетеді. Квазимемлекеттік сектор қызметінде бюджетке тәуелді болу, айтарлықтай борыштық міндеттемелер сияқты проблемалар үнемі орын алуда, – деді Д.Еспаева.

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтің айтуынша, былтыр жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,8 пайызды құраған. Бюджетке 19,6 триллион теңге кіріс түссе, оның негізгі үлесін салық түсімдері құрады, 23,6 триллион теңгесі игерілді. 3,6 триллион теңге бюджет тапшылығымен 92 миллиард теңге игерілмей қалған.

Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржанов тексеру шаралары барысында 862 млрд теңгеге заң бұзушылықтар анықталғанын атап өтті. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 65 пайызға артық. Бюджетке 135 млрд теңге қайтарылды (орындау мерзімдері келгендері бойынша). Бюджеттік бағдарламаларды басқарудың тиімсіздігі де байқалады.

Баяндамашылардың есептерін тыңдаған Мәжіліс депутаттары жауапты мемлекеттік органдарға нақтылау сұрақтарын қойды. Депутат Бақытжан Базарбек бюджет кірісі болжамын асыра бағалау мәселесін көтерді.

– 2024 жылға Ұлттық қорға тікелей салық төлейтін мұнай ұйымдарының тізімі 8,5 есеге – 204 ұйымнан 24 ұйымға қысқартылды. Соның салдарынан 166 млрд теңге жетіспеушілігі орын алған. Сонымен қатар аудит бюджетті құрайтын негізгі үш салық – корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы және импорт бойынша қосылған құн салығы бойынша түсімдер болжамының 917 млрд теңгеге асыра көрсетілгенін растайды. Тексеруге негіз болған бұл статистикаға Қаржы министрлігі қарсылық білдірді. Бұл сандарды біз Салық кодексін жасап жатқанда Қаржы министрлігі ойдан шығарды ма? – деп сұрады Бақытжан Базарбек.

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков өткен жылдың соңына қарай 180 кәсіпорын қайтадан тізімге енгізілгенін, Мәжіліс Салық кодексін қабылдаған кезде министрлік тарапынан ешқандай бұрмалаушылық болмағанын түсіндірді.

Сондай-ақ депутат Нұргүл Тау мемлекеттік органдардың бюджетті орындауына Жоғары аудиторлық палатаның ықпалын күшейту, байланыс саласына қатысты ұлттық жобалардың толық жүзеге асырылмауының себептерін сұрады. Мұрат Ергешбаев өткен жылы қаржыны тиімсіз пайдаланған уәкілетті органдарға шара қолдану қажеттігін атап өтті. Жұлдыз Сүлейменова мемлекеттік білім гранттарын пайдаланудың тиімділігін сұраса, Наурыз Сайлаубай «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне бөлінген қаржының есебін сұрады. Жиында өзге де мәселелер көтерілді.

 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің орындалуы туралы есептерді қарау депутат Ұласбек Сәдібеков  жетекшілік ететін жұмыс тобында жалғасады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив