Абай облысының әкімі Қытайдың Тачэн және Моңғолияның Баян-Өлгей аймақтарының басшыларымен кездесті
Облыс әкімі Берік Уәли халықаралық «Үлкен Алтай» субөңірлік ынтымақтастық конференциясы аясында Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесі Тачен (Тарбағатай) аймағының партия комитетінің хатшысы Чжи Сяньвэймен кездесті.
Кездесу барысында Абай облысы мен Тачен (Шәуешек) қаласы арасындағы арасындағы екі жақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Аймақ басшысы Абай облысы мен Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесі арасындағы шекараның ұзындығы 250 шақырымнан асатынын, оның ішінде Бақты кеден бекетінің маңызды рөл атқаратынын айтты. Облыстың стратегиялық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі бағыттарының қиылысында орналасуы транзиттік әлеуетті арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ, Семей қаласында халықаралық талаптарға сай әуежай жұмыс істейтінін айтып, «Семей-Үрімжі-Семей» және «Семей-Тачен» бағыттарында әуе рейсін ашу туралы ұсынысын жеткізді.
Тараптар туризм саласындағы ынтымақтастықты да талқылады. Аймақ басшысы Шәуешек қаласына жақын орналасқан Алакөл туристік аймағының инфрақұрылымын бірлесе дамытуға және Абай облысына арнайы сапармен келуге шақырды.
Тачен (Тарбағатай) аймағының партия комитетінің хатшысы Чжи Сяньвэй «Аягөз-Тачен» темір жол желісі мен «Семей-Тачен» бағыттарындағы әуе рейстерінің маңызды екеніне тоқталып, Бақты кеден бекетінің жұмысын жандандыруға байланысты ұсыныстарын айтты. Облыс әкімін жазда Шәуешекке сапармен келуге шақырды.
Аймақ басшысы кездесуде айтылған ұсыныстар жан жақты қарастырылатын, «Аягөз-Тачен» темір жолы құрылысы Президент тапсырмасына сәйкес биыл басталатынын жеткізді.
Облыс әкімі Алтай қаласындағы жұмыс сапары барысында Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының губернаторының орынбасары Бақытжан Қағбатұлы бастаған делегациямен де кездесті. Баян-Өлгей аймағының өкілдері кездесуде Семей мен Баян-Өлгей қалалары арасында әуе рейсін ашу, мал шаруашылығы өнімдерін өткізуге, туризмді дамытуға қатысты ұсыныстарын айтты.