Cемей27°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
511.59 575.28 6.33

Аймақ басшысы шет елдік инвесторлармен кездесті

Бүгін, 09:21 Думан Кенжеғазыұлы

Облыс әкімі Берік Уәли Қытайдың Алтай қаласына жұмыс сапары барысында шет елдік инвесторлармен кездесті. Кездесуге коммуналдық қызмет, электроника, ауыл шаруашылығы, жасанды интеллект, туризм, энергетика саларында жұмыс істейтін компания өкілдері қатысты.

Іскерлік жиында инвесторлар өздерінің жобаларын таныстырды. Мәселен, Қытайдың «Линьи қаласының санитарлық тазарту тобы» компаниясы тазалық жұмыстарына қатысуға, коммуналдық қызмет көрсетуге қатысты тың жобаны жүзеге асыруға ынталы.

Бұл мамандандырылған муниципалды кәсіпорын қала аумағын уақтылы әрі сапалы тазалауға, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинап-шығаруға, дезинфекциялау және жою шараларын жүзеге асырумен шұғылданады. Жұмыс процесі толық цифрландырылған.

Компания басшысы Семей қаласының санитарлық жағдайын жақсарту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді. Оның айтуынша, жылдар бойы қалыптасқан заманауи қалалық тазалық жүйесін біздің өңірде де қалыптастырып, озық тәжірибесімен бөлісуге ниетті. Жоба құны 5 миллион АҚШ долларын құрайды.

«Xinjiang Shutu Tecnology Co» компаниясы өкілдері Семей қаласында чип, энергия үнемдеуші шамдар, электронды дисплей сынды заманауи өнімдер шығаратын ірі зауыт ашуды жоспарлап отырғанын, жұмысқа кірісуге әзір екенін жеткізді. Жоба құны 50 миллион АҚШ долларын құрайды. Құрылыс кезінде 140, жоба іске асқанда 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жаңа өндіріс орны өңір экономикасын дамытуға серпін беріп, жоғары технологиялық салалардағы ынтымақтастықты кеңейте түспек.

Аймақ басшысы бастаманы қолдап, құрылыс жұмыстарын кешіктірмей бастау керектігін айтты.

«Біз өңір экономикасына тікелей әсер ететін, жоғары технологиялармен жұмыс істейтін осындай ауқымды жобаларды толық қолдаймыз. Бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, облыстың өнеркәсіптік және инвестициялық тартымдылығын арттырады. Цифрлық экономика мен заманауи өндіріс — болашақтың кепілі. Сондықтан бұл зауыттың құрылысын бастауға жергілікті әкімдік тарапынан барлық қолдау көрсетілетін болады. Облысқа келіп, жобаларын таныстырғысы келетін инвесторларды қарсы алуға дайынбыз», – деді аймақ басшысы.

Бүгін халықаралық «Үлкен Алтай» субөңірлік конференциясы аясында Абай облысы мен қытай инвесторлары арасында 1,568 миллиард АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылды.

Айта кетейік, облыс әкімі кеше Алтай қаласында 20-ға жуық қытай инвесторларымен кездескен болатын.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив