Cемей20°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
510.59 578.91 6.37

Орталық коммуникациялар қызметінде мобильді құрылғыларды тіркеу ережелеріндегі өзгерістер туралы айтылды

Бүгін, 15:23 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков абоненттік құрылғыларды тіркеу қағидаларына енгізілген өзгерістер туралы айтты. Бұл жаңашылдықтар ұялы телефондардың көлеңкелі айналымын қысқартуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және нарықтағы ашықтықты арттыруға бағытталған.

Ведомствоның мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда 5 миллионға дейін смартфон сатылған, оның 75%-ға жуығы заңсыз жолмен әкелінген. Сарапшылардың бағалауынша, тек бір ғана бренд бойынша ғана мемлекет 70-80 миллиард теңге көлемінде салықты толық ала алмаған.

Дамир Сейсембековтің айтуынша, жаңа ережелер күшіне енгенге дейін Қазақстанның ұялы байланыс желісінде жұмыс істеп тұрған барлық телефондар автоматты түрде «ақ тізімге» енгізіліп, бұрынғыдай еш шектеусіз жұмысын жалғастырады.

Абоненттік құрылғыларды тіркеу үшін арнайы онлайн-портал — kz-imei.kz іске қосылған. Бұл портал арқылы құрылғының заңдылығын тексеріп, сәйкестендіруге болады.

Қазіргі нәтижелерге сәйкес, 4 миллионнан астам құрылғы сәтті тексеруден өткен, 22 мыңнан астам өтінім қабылданып, 5 мыңға жуық пайдаланушы тіркелген.

2025 жылғы 25 мамырдан бастап верификация рәсімі заңды тұлғалар — импорттаушылар, ресми өкілдер және уәкілетті сервис орталықтары үшін міндетті болады.

Верификацияның енгізілуі заңсыз әкелінетін құрылғылар көлемін азайтуға, тұтынушыларды сапасыз және күмәнді гаджеттерден қорғауға, ресми жеткізілімдерді ынталандыруға және халықаралық брендтердің нарыққа шығуына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, жаңа талаптарға сәйкес, Қазақстанға алғаш рет әкелінетін барлық құрылғылар GSMA халықаралық базасында, сондай-ақ мемлекеттік салық және кеден жүйелерінде міндетті верификациядан өтуі тиіс. Тексеру барысында құрылғының сипаттамаларына сәйкестігі, әкелудің заңдылығы, сүйемелдеу құжаттарының болуы және IMEI-кодтың ұрланған, жоғалған немесе бұғатталған құрылғылар базасында тіркелмеуі тексеріледі.

Қабылданған шаралар мобильді техниканың көлеңкелі нарығын азайтуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, бизнесті әділ әрі ашық жүргізу үшін жағдай жасауға және құрылғыларды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған.

Құрылғыны сатып алмас бұрын азаматтар kz-imei.kz сайтында IMEI-кодты өздері тексере алады. Бұл жалған немесе ұрланған телефондарды сатып алудан сақтайды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив