Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарына тұрақты жұмысқа 540 субсидияланатын жұмысшы қабылданды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесiп қабылдаған шараларының арқасында субсидияланатын жұмыс орындарының 540 қатысушысы арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсету орталықтарына (бұдан әрi – АӘҚКО) тұрақты жұмысқа орналастырылды.
2025 жылдың басынан еңбек мобильділігі орталықтары 3,8 мың жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін АӘҚКО-мен субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға жалпы сомасы 519,8 млн болатын 189 келісім-шарт жасасты.
АӘҚКО-мен жасалған шарттарға сәйкес 2025 жылдың қаңтар-наурыз аралығында мансап орталықтары арқылы субсидияланатын жұмыс орындарына 919 адам жіберілді, оның ішінде: әлеуметтік жұмыс орындарына 8 адам; жастар тәжірибесіне – 100 адам; қоғамдық жұмыстарға – 728 адам; «Күміс жас» жобасы бойынша – 75 адам, «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары бойынша – 7 және 1 адам.
Субсидияланатын жұмыс орындарына қатысушылармен еңбек шарты жасалды; еңбекақыны жергілікті бюджет қаражаты есебінен еңбек мобильділігі орталықтары қатысушылардың шоттарына ақша аудару арқылы төлейді.
Бұл ретте, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде АӘҚКО жергілікті бюджеттен арнаулы әлеуметтік көмек үшін қаражат бөлінеді, оған қызметкерлердің жалақы қорының шығындары кіреді.
Еңбек министрлігінің мемлекеттік бюджетінен қосарланған қаржыландыруды жою мақсатында жергілікті атқарушы органдар АӘҚКО-мен бірлесіп қатысушыларды субсидияланатын жұмыс орындарына тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізді. Нәтижесінде 540 адам арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтарға жұмысқа қабылданды. Осылайша, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу шараларын қамтамасыз ету үшін қайта бөлінетін 212,6 млн. теңге үнемделді.