Шекара тәртібі – темірдей бақылауда
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментіне қарасты Семей шекара басқармасының «Ауыл» автомобильдік шекаралық бақылау бөлімшесінде мамыр айында шекарашылар қызметтік иттердің көмегімен бірқатар заң бұзушылықтардың жолын кесті.
2025 жылғы 7 және 10 мамыр күндері шекара бақылау шаралары барысында екі шетел азаматының есірткі заттарын заңсыз тасымалдау әрекеті әшкереленді. Олардың бірінен 5 грамм, екіншісінен 420 грамм шамасында марихуана тәркіленді.
18 мамырда Ресей азаматының автокөлігін тексеру кезінде рұқсатсыз алып жүрген электрошокер табылып, тиісті құқық қорғау органдарына тапсырылды.
Ай соңындағы шекаралық бақылау нәтижелері бойынша мынадай заң бұзушылықтар тіркелді:
• өткізу пункті режимін бұзу – 9 дерек;
• қос азаматтықты пайдалану – 1 дерек;
• көші-қон заңнамасын бұзу – 12 дерек;
• жанар-жағармай материалдарын заңсыз тасымалдау – 3 дерек;
• акцизделмеген темекі және алкоголь өнімдерін алып өту әрекеті – 4 дерек.
Шекарашылардың қырағылығы мен кәсіби іс-әрекеттерінің нәтижесінде мемлекеттік шекара маңында заңсыз әрекеттерге дер кезінде тосқауыл қойылды.