Cемей18°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
510.81 578.59 6.51

Қазақстандық автотасымалдаушылардың халықаралық жүк тасымалындағы үлесі артып келеді

27-05-2025, 13:31 Думан Кенжеғазыұлы

Жыл басынан бері экспорттық-импорттық жүк тасымалының көлемі 16%-ға өсіп, 2,2 млн тоннаға жетті. Бұның ішінде Қытай бағытындағы автотасымал көрсеткіші 82% (822 мың тонна жүк). Халықаралық жүк тасымалына қатысып жатқан қазақстандық автотасымалдаушылардың үлесі 54%-ды құрады. Бұл — рекордтық көрсеткіш. Мысалы, үш жыл бұрын бұл көрсеткіш небәрі 31% болған.

Мұндай нәтиже шетелдік рұқсат бланкілерін берудің жаңа тетігін енгізу және Қытай, Өзбекстан мемлекеттерімен рұқсат бланкілерін алмасу процесін цифрландыру арқылы мүмкін болды.

Шетелдік рұқсат бланкісі — автотасымалдаушыларға шетелге жүкпен шығуға мүмкіндік беретін ресми құжат.

Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті шетелдік рұқсат бланкілерін беру тетігін жаңартып, жетілдірді. ШРБ алуға өтінімді қараудың барлық процесі толығымен автоматтандырылды, ал қарау және беру мерзімі қысқартылды. Сұранысты қарау мерзімі 2 жұмыс күнінен 40 минутқа дейін, ал ШРБ беру 8 күннен 1 күнге дейін қысқартылды. Жоғары сұранысқа ие бланкілерде компанияның атауы және автомобильдің мемлекеттік нөмірі көрсетіледі. Тасымалдаушының жеке кабинетіне хабарлама келген сәттен бастап 30 күн ішінде нақты бланк бойынша шетелге шығуға болады. Ескі механизм бойынша бұл көрсеткіш 100 күнге жеткен. Жаңа ережеге сәйкес тасымалдау тарихы мен өткен жылы көліктің қаншалықты белсенді пайдаланылғаны маңызды емес. Яғни, қалауы мен тиісті рұқсаты бар кез келген тасымалдаушы рұқсат бланкін ала алады. Барлық шаралар адами факторды жоюға бағытталған.

«Шетелдік рұқсат бланкілерін беру шарттары реттелгеннен кейін Қазақстан мен Еуропа арасындағы жүк тасымалдау құны 30-40%-ға төмендеді. Бұл өз кезегінде экспорттық өнімдер мен елге жеткізілетін тауарлардың соңғы бағасына әсер етті», – деді көлік министрі Марат Қарабаев.

Бүгінде Көлік министрлігі шетелдік рұқсат бланкілерімен алмасу процестерін ТМҰ елдерімен (Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан) және Балтық елдерімен (Латвия, Литва, Эстония) цифрландыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив