Cемей26°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
510.81 578.59 6.51

Абай облысында биыл жазда 5000-ға жуық бала лагерьлерде демалады

29-05-2025, 09:45 Думан Кенжеғазыұлы

Абай облысында балалардың жазғы демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бағытындағы кешенді жұмыс жүйелі түрде жүзеге асырылуда. 2025 жылғы жазғы маусымда облыс бойынша 79 480 оқушыны түрлі форматтағы демалыспен қамту жоспарланған. Балалар шығармашылық, зияткерлік, спорттық және патриоттық бағыттағы іс-шараларға тартылады.

Өңірде 267 мектеп жанындағы және бейінді лагерь жұмыс істейді. Ал қала сыртындағы 9 стационарлық сауықтыру лагері маусым айының ортасына қарай кезең-кезеңімен жұмысын бастайды. Оның ішінде 8-і мемлекеттік, 1-і жекеменшік. Жалпы 5172 бала қала сыртындағы лагерьлерде тынығады. Олардың 4713-і – әлеуметтік осал санаттағы балалар. Бұл санаттағы балалар «Жалпыға бірдей білім беру» қоры есебінен тегін жолдамамен қамтамасыз етіледі.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, лагерьлердің қазіргі дайындығы - 75%. Нысандарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік шаралары пысықталуда. Барлық лагерь бейнебақылау жүйелерімен қамтылып, санитарлық талаптар қатаң сақталады. Шомылуға рұқсат етілген 5 лагерьде балалар педагогтердің қадағалауымен суға түсе алады.

Сонымен қатар өңірдің үздік оқушыларына арналған бірнеше арнайы жоба жүзеге асырылмақ: «Абай жолы» әдеби-өлкетану жобасы; университеттермен бірлескен «JAS AKADEMIK-2025» жазғы академиялық мектебі; колледж базасындағы кәсіби бағдарлау лагерьлері; туризм мен патриоттық тәрбиеге негізделген көшпелі «Жазғы кемпинг» бағдарламасы.

Мұнымен қатар 33 аймақтық жоба аясында да балалардың жазғы уақыты мазмұнды әрі қауіпсіз ұйымдастырылады. Биыл Абай облысынан 128 оқушы республикалық «Бөбек» және «Балдаурен» лагерьлеріне жолдама алса, ауыл мектептерінен үздік оқитын 250 бала Алакөл жағасындағы «Дарабоз» лагерінде демалады. Бұл жобаға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қолдау көрсетіп отыр.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив