Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Ғ.Бейсембаев: 20 мың бала лагерьлерде тегін демалады, су тасқыны кезінде зардап шеккен өңірлердің оқушыларына басымдық беріледі

22-05-2024, 11:18 Мадина Айдарова

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2023-2024 оқу жылын аяқтау және демалыс кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы мәселе қаралды. Осы бағыт бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндама жасады.

Министр атап өткендей, оқу жылының сәтті аяқталуы және балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру шарасын сапалы ұйымдастыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ведомствоның басты міндеттерінің бірі.

«Биылғы оқу жылын 3,8 млн оқушы аяқтайды. Оның ішінде бастауыш сыныпты – 374 мың, негізгі мектепті –341 мың бала бітіреді. Ал, 186 мың бала мектеп қабырғасынан түлеп ұшады."Алтын белгіге" үміткерлердің саны – 7 704», — деді Ғани Бейсембаев.

Оның айтуынша, оқу жылын «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттарын өткізумен аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар 25 мамырда мектеп түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты іс-шара өткізілмек. Аттестаттарды тапсыру салтанатты рәсімі 12-15 маусымға белгіленді. Ал 9 және 11 сынып түлектерінің қорытынды емтихандары 29 мамырдан 11 маусымға дейін өткізіледі.

Биыл алғаш рет 5-8, 10 сыныптарда қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау мақсатында қазақ және басқа да оқыту тілдері бар мектептер үшін қазақ тілі бойынша аралық емтихандар өткізіледі.

«Премьер-Министрдің тапсырмасына сәйкес және табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануына байланысты Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарының 3 581 оқушысы аралық және қорытынды емтихандардан босатылады. Қорытынды баға оларға жылдық бағалар негізінде қойылады», — деп атап өтті ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен және ауа райының қолайсыздығына байланысты қысқы мерзімде қашықтан оқыған 2 622 мектептің 832 мың оқушысы үшін 27-31 мамыр аралығында «Жазғы мектеп» жұмысы ұйымдастырылады. Негізгі мақсат – оқушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру арқылы білім сапасын арттыру.

Сондай-ақ министр демалыс кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Балалардың жазғы демалысы 9 мемлекеттік органның бірлескен жоспары шеңберінде ұйымдастырылады. Республикалық және өңірлік штабтар құрылып, барлық нормативтік құқықтық актілер дайындалды. Бірыңғай талаптарды қамтитын әдістемелік ұсынымдар жинағы әзірленді. Өңірлермен бірлесіп барлық демалыс орталықтарының тізімі және олардың дайындығы пысықталды.

«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен "QH Жаздық жолдама" жобасы шеңберінде 20 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Олардың ішінде су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің оқушыларына, халықтың әлеуметтік осал топтарының балаларына және ауылдық жерлерден көп балалы отбасыларға басымдық беріледі», — деді министр.

Еліміз бойынша барлығы 2,9 млн бала жазғы демалысын 10 743 демалыс орталығында өткізеді. Оның 10 мыңы жыл бойы сауықтыру орталықтарында, 240 мыңы қала сыртындағы орталықтарда, 2,6 млн-ы мектеп жанындағы және 75 мыңы шатырлы және киіз үй лагерьлерінде демалады.

182 демалыс орталығының 150-і маусымның 1-10 аралығында іске қосылады. Қалған 32 нысан 15 маусымнан басталады. Олардың ішінде 7 нысан су тасқыны болған өңірлерде және 25 нысан конкурстық рәсімдер әлі аяқталмаған аймақтарда орналасқан.

Атырау, Түркістан, Ақтөбе облыстары балаларды жазғы демалыспен қамтуды арттыруға ерекше назар аударуы тиіс. Демалысты ұйымдастыру бағытында 2,7 млн оқушы жазғы жұмыспен қамту нысандарымен, туристік, шығармашылық, зияткерлік іс-шаралармен қамтылатын болады. Жергілікті атқарушы органдар биыл балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын жоғары деңгейде ұйымдастыруы қажет.

«Өңірлерде жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша бірегей жобалар бар. Олар: "Ұлы Дала кереметі" , "Jas galym", "Гастро туризм", "Бір күн қалада", "Қонақжай отбасы" және басқа да жобалар. Егер өңірлердегі әріптестер үздік тәжірибелерді тиімді пайдаланса, бұл жазғы демалысты мазмұнды етуге мүмкіндік береді», — деді Ғ.Бейсембаев.

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы балалардың демалысына ерекше назар аударылады: 614 демалыста болып келді, 628 бала демалыста жүр. Жақын арада 3 883 бала сауықтыру орталықтарына жіберіледі. Сондай-ақ, министр жазғы демалысты мазмұнды ұйымдастыру мақсатында 120 мың педагог-ұйымдастырушыны арнайы даярлау жүргізілгенін баяндады. Қосымша 12 мыңнан астам студенттер мен еріктілер тартылады.

«Министрлік балалардың бос уақытын және демалысын жоғары мәдени деңгейде қамтамасыз ету ұстанымын ұстанады. Бұл бағытта 1-10 сынып оқушылары үшін арнайы "Сенің қуанышқа толы жазғы демалысың" атты GUIDEBOOK буклеті әзірленді. Жинақ бос уақытты сапалы ұйымдастыруға және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған», — деді оқу-ағарту министрлігінің басшысы.

Баяндама соңында министр жазғы демалыс кезінде жергілікті атқарушы органдар балалардың бос уақытын сапалы, мазмұнды ұйымдастыру, олардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтті. Ғани Бейсембаев бұл жұмыстар оқу-ағарту министрлігі тарапынан тұрақты әрі қатаң бақылауда болады деп сендірді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив