Семейде чиптер мен электронды қондырғыларды өндіретін индустриялық парктің құрылысы басталды
Семейде чиптер мен электронды қондырғыларды өндіретін индустриялық парктің құрылысы басталды. Бүгін жоғары технологиялық өнімдер өндіретін зауыттың іргетасын қалау рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Берік Уәли және шет елдік инвесторлар қатысты.
Жобаны қазақстандық-қытайлық бірлескен компания «SUTO KAZAKHSTAN» ЖШС Семейдегі «Өндіріс» индустриялық аймағында жүзеге асырады. Жаңа кәсіпорында чип, оптоэлектронды модуль, интеллектуалды хост-контроллер, қуат блогы, энергия үнемдейтін шамдар мен электронды дисплейлер өндірілетін болады.
Облыс әкімі бастаған өңір делегациясы жақында Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінің Алтай қаласына барып, халықаралық «Үлкен Алтай» субөңірлік конференциясына қатысып қайтқан еді. Ауқымды шара аясында Абай облысы мен қытай инвесторлары арасында құны 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылды. Жаңа өндіріс орнының іргетасының қалануы сол сапардың алғашқы нақты нәтижесі.
Зауыттың іргетасын қалау рәсімінде сөз сөйлеген аймақ басшысы жоба өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жоғары технологиялық салаларды дамытуға үлкен серпін беретінін атап өтті.
Ерекше атап өтерлігі, кәсіпорын Семейдегі IT және жаңа технологиялар жоғары колледжінің студенттерін өндірістік тәжірибеден өткізіп, кейін зауытқа тұрақты жұмысқа алуға ниет білдіріп отыр. Оқу орны мен компания өкілдері келісімге келіп, ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Жоба құны 50 миллион АҚШ долларын құрайды. 2025-2028 жылдар аралығында үш кезеңмен іске асырылады. Болашақта зауыт өнімдері ішкі нарықпен қатар, ТМД елдері мен Еуропаға экспортталмақ.