Сенатта энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту туралы заң таныстырылды

Сенатта 2025–2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды, ұлттық жобаларды дамыту, кәсіпкерлік және мемлекеттік органдардың функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы таныстырылды.
Аталған құжат еліміздің энергетикалық қуат көздері мен инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған. Жалпы құны 6 трлн теңгеден асатын 29 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Олардың қатарында қуаты 7,3 ГВт болатын энергия көздерін салу мен жаңарту, сондай-ақ 86 мың шақырым коммуналдық желілерді жаңғырту бар. Негізгі мақсат – желілердің тозу деңгейін 50%-дан төмендету, жылу, электр, су беру және су бұру жүйелерінің сенімділігін қамтамасыз ету.
Сенаторларға алдағы жобаларды қаржыландырудың негізгі тетіктері таныстырылды. Жобаларды іріктеу үдерісі үш кезеңнен тұрады: алдымен техникалық сараптама жүргізіледі, кейін қаржыландыру шарттарының алдын ала мақұлдануы қаралады, соңғы кезеңде инвестициялық бағдарламалар бекітіледі. Барлық іске асыру үдерісі интеграцияланған цифрлық платформалар арқылы жүргізілетін болады.
Заңға енгізілетін өзгерістер осы ауқымды міндеттерді орындауға құқықтық негіз қалыптастырып, отандық өнеркәсіптің дамуына серпін береді. Бұл өз кезегінде жұмыспен қамтуды арттырып, импортқа тәуелділікті азайтуға және экономиканың өсуіне жаңа қарқын беруге ықпал етеді.