Аймақ басшысы Бесқарағай ауданындағы колледжде болды
Абай облысының әкімі Берік Уәли аудандағы жұмыс сапары барысында Бесқарағай колледжінде болды. Оқу орны 1954 жылы құрылған. Ғимарат 1983 жылы салынған. Биылғы оқу жылын 186 студент сәтті аяқтап отыр.
Колледжде 28 инженер-педагог жұмыс істейді. Олардың қатарында педагог-модераторлар, сарапшылар мен магистрлер бар. Оқу орнының материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Колледж аумағында 75 орындық жатақхана мен оқу-өндірістік зертхана ғимараты орналасқан. Оқу орнының өз жылыжайы бар. Мұнда колледж ұжымы көкөністің бірнеше түрін егеді. Сондай-ақ, декоративті гүлдер өсіріледі.
Бесқарағай колледжінде студенттер бірнеше бағыт бойынша білім алуда. Атап айтқанда, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, ауыл шаруашылығын механикаландыру, тамақтандыруды ұйымдастыру, орман шаруашылығы, ландшафттық дизайн және жеміс-көкөніс шаруашылығы. Бұл бағыттар – өңірдегі еңбек нарығында сұранысқа ие.
70 жылдан астам тарихы бар оқу орны мыңдаған жұмысшы мамандарды даярлап шыққан. Колледждің негізгі бағыты – еңбек нарығына қажетті маман даярлау. Мұнда студенттер 6 мамандық және 10-нан астам біліктілік бойынша білім алады. Шәкірттердің шеберлігін шыңдап, біліктілігін арттыру үшін олар қожалықтарда, мекемелерде машықтанады. Алдағы уақытта «Ветеринария» және «Бухгалтер» мамандықтарын ашу жоспарланып отыр.
Колледждегі бір мәселе – 2021 жылы оқу корпусының 4-інші қабаты мен өндірістік оқыту шеберханасындағы шатырдан су ағып, оқу процесіне айтарлықтай кедергі келтірген. 2023 жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Алайда мәселе шешімін таппай келеді. Колледж директоры облыс әкіміне осы проблеманы айтып, көмек көрсетуді сұрады.
Бесқарағай колледжінде облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы студенттер арасында «AgroSkills Abai-2025» өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты өтуде. Сайысқа өңірдегі 6 колледжден 18 студент, сарапшылар, әлеуметтік әріптестер және арнайы пәндер оқытушылары қатысып жатыр. Аймақ басшысы чемпионатқа қатысушылармен пікірлесіп, жарыста сәттілік тіледі.
Оқу орнын аралап көрген облыс әкімі колледж қызметіне жақсы баға беріп, осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керектігін айтты.
Облыс әкімі Бесқарағай ауылындағы бассейн құрылысының барысымен де танысты.
Нысан «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынуда. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы мамырда басталған. Мердігерлердің айтуынша, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бассейн іске қосылғанда Бесқарағай ауылындағы екі орта мектептің оқушылары су спортымен айналысуға мүмкіндік алады.
Аймақ басшысы спорт ғимаратының әлеуметтік маңызын атап өтіп, мердігерлерге жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.