Әйгілі Австралиялық ангус сиырлары Көкпектінің дархан даласында жайылып жүр
Көкжайық ауылында орналасқан «Елім-ай Көкпекті» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы саласында ауқымды әрі нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. 2011 жылы құрылған серіктестік асыл тұқымды ірі қара өсіру және өсімдік шаруашылығы бағытында кешенді қызмет атқаруда.
Бүгінде шаруашылықта 150-ден астам адам еңбек етеді. Мал тұқымын асылдандыру бағытында ауқымды жұмыстар жолға қойылған. Қожалықта 2 650 бас ірі қара бар. Оның ішінде 1 600-і – қазақтың ақбас тұқымы, ал 1 050-і – Австралиядан арнайы әкелінген ангус тұқымды сиырлар. Айта кетерлігі, екі тұқымды будандастыру арқылы шаруашылық жаңа өнімді тұқым түрін алған.
«Елім-ай Көкпекті» серіктестігі ет және сүт өнімдерін ішкі нарықпен қатар экспортқа да шығаруда. Аймақ көлемінде алғаш рет Өзбекстан Республикасына 700 бас ірі қара экспорттаған шаруашылық – бұл бағытта көш бастап тұрған кәсіпорындардың бірі.
Серіктестік жанындағы 5 мың басқа арналған бордақылау алаңында қазіргі таңда 1 500 бас бұқашық бордақылануда. Аудан көлеміндегі көптеген шағын шаруа қожалықтары өз өнімдерін қалаға апармай-ақ осы серіктестік арқылы өткізуде.
Өсімдік шаруашылығы да жүйелі жолға қойылған. Қожалыққа тиесілі 1 700 гектар суармалы жердің 630 гектарына жоңышқа себілген. Соңғы бес жыл ішінде АҚШ пен Түркиядан 25 дана заманауи суару техникасы сатып алынып, Көкпекті ауданында алғаш рет жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді. Бұл тәсілдің арқасында жоңышқаны маусым сайын үш рет ору мүмкіндігі бар.
«Елім-ай Көкпекті» – агроөнеркәсіп саласындағы заманауи әдістерді батыл енгізіп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне және экспорттық әлеуетіне сүбелі үлес қосып отырған іргелі шаруашылық.