Cемей20°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
519.57 612.78 6.61

Бала кезде бәріміз сега мен денди ойнадық қой

2-06-2025, 19:03 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін сол сәт есіме түсіп, ностальгия болып жатқан жайымыз бар. Сол сегадан басталған балалық дәуіріміз талай технологияның игілігін көруге жол ашты. Сол сегамыз бұзылып қалса ішін ақтарып, михросхемаларын шашып тастап пайкілеп өзімізше жөндей жөнделетінбіз. Бір қызығы, сол кездегі микросхемалар мен электронды құрылғылардың сыртында көбіне «Made in Vietnam» деген жазуды көретінбіз. Әлі күнге дейін солай ғой. Қарапайым телефон қуаттағыш, батарея бәрі Вьетнамда шығады. Соны көріп қашан еліміз осы бір өндірісті жолға қояды деп ойлайтынмын. Жәй ғана қиял ғой сол кездегі... 

Өзім былтыр Вьетнам елінде болдым. Туризм саласына жақсы көңіл бөлген. Солтүстік пен Оңтүстіктік өмір сүруі мен тәртіптері басқалай. Айырмашылық бар. Оңтүстік аймағы табиғат ресурстарын, ал солтүстігі технологиялық мүмкіндіктерін тиімді пайдалануда. Ең бастысы – қоғамда еңбек мәдениеті мен жаңаға ұмтылу ерекше жоғары.

Осы тұрғыда Қазақстан, оның ішінде туған өлкеміз Абай облысы үшін де технологиялық өндіріс пен инновациялық дамудың жаңа дәуірі басталды деп айтуға толық негіз бар. Жуырда Абай облысының әкімі Берік Уәлидің Қытайға жасаған сапары нәтижесінде Семей қаласында чип пен микросхема шығаратын өндіріс ошағын ашу туралы маңызды келісім жасалды. Инвестор тарапынан ұсыныс түсісімен, әкімдік тарапынан жедел ұйымдастырушылық жұмыстар атқарылды. Бұл Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасының нақты орындалып жатқандығының көрінісі.

Жобаның ерекшелігі – мұнда дайын өнім құрастырылып қоймайды, толықтай өндірістік цикл жүзеге асады. Жергілікті 140 адам құрылыс жұмысына тартылса, зауыт іске қосылғанда 500-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Кадр мәселесін шешу үшін облыстық білім басқармасы мен инвесторлар арасында арнайы келісім жасалып, IT колледжінің студенттері мен түлектері заманауи өндіріс талабына сай оқытылады.

Ең маңыздысы, бұл өндірісте шығарылатын өнімдер еліміздің барлық өңіріне және әлемнің 13 еліне экспортталмақ. Яғни, «Made in Qazaqstan» бренді енді заманауи технологиялық нарықта өз орнын иелене бастайды. Бұл – ел үшін ғана емес, жаңа буын үшін де үлкен мотивация.

Бұл жоба – өңірлік экономиканың ғана емес, елдің технологиялық тәуелсіздігінің нақты көрінісі әрі жаңа индустриялық дәуірдің бастауы деп сеніммен айтуға болады.

Ендеше жаңа бастаманың ғұмыры ұзағынан сүйіндірсін демекпін!

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив