Cемей33°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
517.45 598.59 6.58

Мәулен Әшімбаев Сингапурдың Қазақстандағы Елшісімен кездесті

Бүгін, 11:43 Думан Кенжеғазыұлы

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Сингапурдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Зулкифли Бахарудинмен кездесті.

Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев дипломатты Сингапурдың алдағы Тәуелсіздік күнімен құттықтап, аталған елде қолға алынған өзгерістерге жоғары баға берді. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Сингапур арасындағы байланысты нығайту ісінде екі ел басшыларының достық қарым-қатынасы үлкен рөл атқарып отырғанын, соның нәтижесінде бүгінде көптеген салада маңызды келісімдерге қол жеткізілгенін атап өтті.

Сұхбат кезінде екіжақты қарым-қатынасты, оның ішінде парламентаралық ынтымақтастықты нығайту барысы да сөз болды.

«Соңғы жылдарда екі елдің ынтымақтастығы қарқынды дамып келеді. Сингапур Президенті Халима Якоб 2023 жылдың мамыр айында Орталық Азияға жасаған алғашқы сапарын Қазақстаннан бастады. Былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сингапурға 20 жылда алғаш рет мемлекеттік сапармен барды. Бұл сапарлар серіктестігімізді нығайтуға өзара мүдделі екенімізді және бұл бағыттағы зор әлеуетімізді көрсетеді. Біз сіздің елдеріңіздің заңнамалық бағыттағы тәжірибелеріне ерекше қызығушылық танытып отырмыз. Қазақстан Парламентінің екі Палатасында да Сингапурмен достық топтары жұмыс істейді. Мұны депутаттар арасындағы ынтымақтастықтың маңызды тетігі деп қабылдаймыз. Алдағы уақытта олардың әлеуетін белсенді пайдалану айрықша мәнге ие», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесуде рухани дипломатияны ілгерілету жолында күш біріктірудің маңызына да мән берілді. Сұхбаттасушылар Қазақстанның бастамасымен ұйымдастырылып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі мен Сингапур өткізетін Халықаралық ұйымшыл қоғамдар конференциясының мақсаттары және көтеретін мәселелері ұқсас екеніне назар аударды. Екі іргелі форум да мультикультурализм, инклюзивтілік және қоғамның бірлігі сияқты құндылықтарды дәріптейді.

Сонымен қатар тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, инфрақұрылымдық ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір алмасты және энергетика, логистика, цифрландыру сияқты іргелі бағыттарға қатысты бірлескен міндеттерді белгіледі. Іс-шарада айтылғандай, қазіргі таңда елімізде 150-ге жуық бірлескен Қазақстан-Сингапур кәсіпорны табысты жұмыс істеп келеді.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев дипломатқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың маңызы жайында айтып берді. Бұл ретте Палата Спикері экономиканы әртараптандыруға арналған жобаларға кеңінен тоқталды.

Өз кезегінде Зулкифли Бахарудин Қазақстанның жаһандық сын-қатерлерді еңсеру, әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды іске асыру жолында жасаған батыл қадамдарына жоғары баға берді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив