Мәжіліске Корея Ұлттық Ассамблеясының депутаттары келді

Мәжіліске Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының делегациясы келді. Корея депутаттарымен Мәжілістегі Қазақстан-Корея достық тобының мүшелері Айдос Сарым, Вера Ким, Олжас Құспеков кездесті.
Айдос Сарым өз сөзінде Қазақстан мен Корея арасындағы саяси диалог сындарлы әрі белсенді жүргізіп келе жатқанын атап өтті.
– 2019 жылы Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Иннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары мен 2021 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулге жасаған ресми сапары екіжақты қарым-қатынастың маңызды кезеңі болды. Соңғы жылдары Қазақстан депутаттарының Корея Республикасына сапарлары жиілеп, корейлік әріптестер де елімізге бірнеше рет келді. Парламентаралық ынтымақтастық аясында тәжірибе алмасу белсене жүзеге асырылуда, – деді А.Сарым.
Тараптар азаматтарды әлеуметтік, медициналық қолдау, жұмыспен қамту, ана мен бала құқықтары, қоршаған ортаның ластануын азайту және басқа да мәселелерді талқылады. Бұл тақырыптар елдердің ұлттық және халықаралық саясатының ажырамас бөлігі екеніне назар аударды.
Сондай-ақ Айдос Сарым Корея Республикасының жеке секторының қолдауымен Абай облысында өрттен зардап шеккен ормандарды қалпына келтіру бастамасы іске асырылып жатқанын айтып, сол үшін делегацияға алғысын білдірді.
Өз кезегінде Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясы 22-шақырылымының депутаты Ли Ин Ён екі ел арасында тығыз әрі тиімді қарым-қатынасқа тоқталды.
– Биыл қыркүйекте Сеулде Азия-Тынық мұхиты парламентарийлерінің қоршаған орта мен даму мәселелері жөніндегі конференциясының (APPCED) 21-ші Бас ассамблеясы өтеді. Конференция қоршаған ортаны қорғау саласындағы білім алмасуға, бірлескен бастамаларды әзірлеуге және заңнамалық негізді нығайтуға ықпал етеді. Осы орайда аталған іс-шараға Мәжіліс депутаттары да қатысады деп сенемін, – деді Корей делегациясының басшысы.
Кездесуде тараптар екіжақты байланысты тереңдетіп, ортақ мәселелер бойынша өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға келісті.