Мәжіліс Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылады

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарап, Сенатқа жолдады. Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы күрес туралы заңды екінші оқылымда қабылдап, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялады.
Үкіметтің 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін Қаржы министрі Мәди Такиев таныстырды. Ол жалпы ішкі өнімнің алдын ала нақты өсімі 4,8 пайызды құрағанын хабарлады. Бюджет түсімдері 98 пайызға орындалып, шамамен 20 трлн теңгені құраған. Ал шығыстар – 23,6 трлн теңге. Бұл ретте республикалық бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңгені немесе ішкі жалпы өнімнің 2,7 пайызын құрады.
– Жалпы барлық әлеуметтік міндеттемені Үкімет толықтай орындады. Оның ішінде өңірлерді қолдауға 7,1 трлн теңге, әлеуметтік салаға 8,8 трлн теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар Үкімет резервінен, өңірлердегі ауқымды мәселелерге де бюджет қаражаттары жұмсалды. Атап айтсақ, су тасқынын жою, жылу көздері мен желілерін жаңғырту, «ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі» ұлттық жобаны іске асыруға тиісті қаражат бөлінді, – деді Қаржы министрі.
Өз кезегінде Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов қорытындыға сәйкес 2024 жылдың сәуірінде мемлекеттік жоспарлау жүйесі жаңартылғанын, алайда орталық мемлекеттік органдар даму жоспарларын оған уақытылы бейімдей алмағанын айтты. Нәтижесінде мемлекеттік органдардың даму жоспарының 7 негізгі ұлттық индикаторы мен 20 нысаналы индикаторына қол жеткізу мүмкін болмаған. Бұл ретте былтыр бюджет шығыстарына 13 рет өзгеріс енгізілген. Қаржыландыру жоспарынан 56 млрд теңгені құрайтын 112 бюджеттік инвестициялық жоба алынып тасталған. Екінші жартыжылдықта жалпы сомасы 58 млрд теңгеге басқа 96 инфрақұрылымдық жоба енгізілген.
Жұмыс тобының жетекшісі Ұласбек Сәдібеков өзінің қосымша баяндамасында бюджет орындалғанымен, оның орындалу сапасына қатысты бірқатар мәселе барын айтты. Бюджетті жоспарлау, жүзеге асыру және бақылау барысында жүйелі қиындықтар кездесіп отыр.
– Бюджет саласындағы бұзушылықтар жылдан жылға көбейіп отыр. Сыртқы мемлекеттік аудит 861,9 миллиард теңге көлемінде бұзушылықты анықтады. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 64,8 пайызға көп. Оның 154 млрд теңгесі – нақты қаржылық бұзушылықтар, 708 млрд теңгесі – бюджетті дұрыс жоспарламау және қаражатты тиімсіз пайдалану, 10 мыңнан астам рәсімдік (құжаттық) қателіктер. Сондай-ақ ішкі аудит арқылы тағы 81 млрд теңге сомасында бұзушылық анықталды, – деді Ұ.Сәдібеков.
Баяндамаларды тыңдаған мәжілісмендер Үкімет мүшелеріне бюджеттің орындалмау фактілері және Жоғары аудиторлық палата анықтаған басқа да олқылықтар бойынша сұрақтарын қойды. Ұлттық қор активтерін басқарудың ашық болмауы, мемлекеттік тапсырмаларды бәсекелестікке жатпайтын ортаға орналастыру, инвестициялық жобаларды іске асыру қарқынының төмендігі, бюджет қаражаты есебінен сапасыз нысандар салу және басқа да мәселелер талқыланды.
Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельева Жоғары аудиторлық палатаның соңғы бірнеше жылда мемлекеттік қарызды басқарудағы проблемаларды жүйелі түрде тіркеп келе жатқанына тоқталды. Оның ішінде несиелердің қайтарылуын бағалаудың, фискалдық және валюталық тәуекелдерді талдаудың, борыштық міндеттемелердің барлық түрі бойынша шоғырландырылған баланстың болмауы бар.
– Бұл проблеманың бәрі 10 жыл ішінде 3,5 есеге, яғни, 8,7 триллионнан 30,1 триллион теңгеге дейін өскен мемлекеттік қарыздың өсуі аясында болып отыр. Бұл ретте салыстырмалы көрсеткіш ішкі жалпы өнімнің 22,4 пайызы шегінде қалады және ол тиісінше алаңдаушылық тудырмауы керек. Бұл тәсіл тек тұрақтылықтың көрінісін ғана қалыптастырады. 2024 жылдан бастап Бюджет кодексінің жаңа нормалары күшіне енді. Олар шын мәнінде бірінші рет барлық мемлекеттік борыштық міндеттемені кешенді басқаруға негіз болады. Дәл осы стандарттар Жоғары аудиторлық палата жыл сайын айтатын кемшіліктерін жоюға тиіс. Мәселе практикалық инерция кезінде нормативтік прогрес әсерін болдырмауда, – деді Т.Савельева.
Мәжілістегі барлық саяси партия фракциялары есептерге өз бағаларын берді. Қазақстан Халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы және «Ақ жол» партиясы фракциялары Үкіметтің 2024 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебін қолдамай, қарсы дауыс берді.
«Ауыл» және Respublica партиялары фракциялары Үкіметтің есебін бекітуді қолдады. «АМАNАТ» партиясы фракциясы депутаттар тарапынан айтылған ескертулерді ескере отырып, құжатты бекітуге болады деген қорытындыға келді.
Жалпы мәжілісмендер Үкіметтің есебін қанағаттанарлық деп бағалап, оны Сенаттың қарауына жолдау туралы шешім қабылдады.
Талқылауды Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қорытындылады. Ол жалпы ішкі өнім мен инвестиция көлемінің өсуі, әлеуметтік міндеттемелердің толық көлемде орындалуы Мемлекет басшысының экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі нақты тапсырмаларының нәтиже беріп жатқанын көрсететінін ерекше атап өтті. Бұл ретте спикер бюджетті атқаруға қатысты айтылған бүгінгі ұсыныстарға Үкімет баса мән беруі қажет екеніне назар аударды.
– Бұрын бюджеттің шығыс бөлігіне қатысты біраз сұрақ туындайтын. Биыл өкінішке қарай бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау мен орындауда кеткен кемшіліктерге байланысты мәселелер орын алуда. Соның салдарынан Ұлттық қордан қаражат алу мен сырттан қарыз алу көлемі артып келеді. Депутаттардың бұл алаңдаушылығы орынды деп санаймын. Тиісті мемлекеттік органдар осы мәселе бойынша қорытынды жасаулары керек, – деді Е.Қошанов.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қорытынды қарау өтеді.
Мәжіліс Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Түзетулер салалық заңнаманы Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржы шараларын әзірлеу тобы (ФАТФ) ұсынымдарына сәйкес келтіру үшін әзірленген.
Жұмыс тобының жетекшісі Мұрат Ергешбаевтың айтуынша, заң аясында қаржы мониторингінің жаңа субъектілері, соның ішінде ұялы байланыс операторлары мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы енгізіледі. Сондай-ақ «күдікті қызмет» түсінігі енгізіледі. Ол трансферттердің жиілігімен, көлемімен және бағытымен анықталады. Мысалы, күн сайын бір есепшотқа бірдей сома аударылады. Мұндай мәмілелер тексеріледі және олар бойынша одан әрі жұмысты Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізеді. Бұл ретте қаржылық мониторинг субъектілері уәкілетті органға күдікті қызмет туралы хабарлар жіберуге міндетті.
Құжат аясында алғаш рет қаржылық мониторингке жататын сомасы 5 миллион теңгеге тең немесе одан асатын цифрлық активтермен жасалатын операциялар бойынша шек белгіленеді. Мәдени құндылықтарды қолма-қол нысанда сатып алу (сату) операциялары бойынша қаржылық мониторингтің шекті мөлшері 45 миллион теңгеден 1 миллион теңгеге дейін төмендетілді. Басқа да нормалар бар.
Бұдан бөлек Мәжіліс 2024 жылғы 12 желтоқсанда Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру жобасы) ратификациялады. Ол бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндады.
Жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева қосымша баяндамасында келісім 2,3 миллион ауыл тұрғынын жоғары жылдамдықты интернетпен қамту үшін қаражат тартуға бағытталғанын айтты. Бұл – «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясындағы ауқымды жұмыстардың бір бөлігі.
– Мыңнан астам ірі ауылда әрбір үйге талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады. Бұл – ең жылдам, ең тұрақты және қауіпсіз байланыс. Елді жерүсті байланыс желілерімен қамтуды ұлғайту арқылы біз ауылды елдімекендердің өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, еліміздің технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етеміз, – деді депутат.
Шығындар ішінде 42 млрд теңге мемлекеттік несие болса, тағы 42 млрд теңге – жеке бірлескен қаржыландырудың міндетті шарты. Осылайша, салаға кем дегенде 84 млрд теңге инвестиция салынады. Несиенің өзі 1 пайыз сыйақымен жапон иенімен алынады. Жоба 2028 жылы қарызды өтеу басталғанға дейін толығымен жүзеге асырылады. Қарыз 2035 жылға дейін өтеледі.
Мәжіліс Қазақстан Республикасының орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссияның жаңартылған құрамын бекітті. Оның құрамына бұрынғы депутаттар Асқар Садықов пен Гауһар Танашеваның орнына Серік Ерубаев пен Ирина Смирнова кірді. Комиссия құрамын Мәжілістен жасақтау кезінде барлық саяси партия фракцияларының өкілдері ескерілді.