Абай облысында «Келешек мектептері» жобасы бойынша заманауи білім беру мектептері бой көтеруде

Абай облысында орын тапшылығы мәселесін шешіп, сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық «Келешек мектептері» жобасы қарқынды жүзеге асырылу үстінде.
Бұл туралы Абай облысының Білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Курманова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.
Спикердің айтуынша, өткен жылы облыста үш жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Олар: Семей қаласына қарасты Қарағайлы шағын ауданында – 1 200 орындық, Водный кентінде – 600 орындық, Бесқарағай ауылында – 300 орындық мектептер. Қарағайлы мен Бесқарағайдағы білім ұяларында оқу үдерісі басталып кеткен.
Қарағайлыдағы мектепке 1 683 оқушы қабылданған. Бесқарағайда жаңа мектепке К. Рысқұлбеков атындағы орта мектептің ұжымы мен оқушылары көшірілді. Қазір онда оқыту бір ауысымда жүргізіліп, 497 бала оқулықпен толық қамтамасыз етіліп отыр.
Ал Водный кентіндегі мектептің құрылысы 98 пайызға аяқталғанымен, әзірге электр қуатының тапшылығы оқу үдерісін бастауға кедергі болып тұр. Желіге қосу және қалған жұмыстарды шілде айында аяқтау жоспарланған. Осыдан кейін 600 орындық бұл мектеп 2025–2026 оқу жылының бірінші тоқсанынан бастап есігін ашады. Ғимаратқа 96 бейнекамера, турникеттер, 58 ноутбук, 3D-принтерлер мен заманауи оқу жабдықтары орнатылған.
Қазіргі таңда тағы екі мектептің құрылысы жүріп жатыр: Аягөз қаласында – 600 орындық, Правый Восточный кентінде – 300 орындық.
Жаңа білім ордаларының басты ерекшеліктерінің бірі – қауіпсіз, инклюзивті және шығармашылық орта құруға басымдық берілуі. Арнайы қажеттіліктері бар балаларға арналған кабинеттер, лифттер, пандустар, демалыс аймақтары, шеберханалар, спорт және акт залдары қарастырылған.
Барлық құрылыс жұмысы мен рұқсатнама рәсімдері аяқталған соң, жаңа мектептер Білім басқармасының теңгеріміне өткізіліп, қолданыстағы оқу орындарынан жүздеген оқушыны қабылдайды. Оқу барлық мектепте бір ауысымда ұйымдастырылады.