Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында жаңа мектептің құрылысы басталды
Абай облысының әкімі Берік Уәли Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында салынатын жаңа мектептің іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
Суықбұлақ бастауыш мектебі 1964 жылы балабақша ретінде салынған. Ғимараттың тозығы жетіп, апатты деп танылғандықтан оқушылар екі ауысымда білім алуға мәжбүр. Электр желілері мен су құбырлары ескірген. Мектепте спорт залы, кітапхана, мұғалімдер бөлмесі мен медициналық пункт жоқ. Төменгі сынып оқушылары ескі ғимаратта, 5-11 сынып оқушылары көрші ауылға автобуспен қатынап оқиды.
Жаңа мектеп салу мәселесін тұрғындар 2011 жылдан бері көтеріп келеді. Аймақ басшысы биылғы 19 наурызда Жарма ауданына жұмыс сапарымен барғанда осы білім ордасының апатты жағдайын көріп, «жаңа мектеп саламыз» деп айтқан болатын.
Облыс әкімі мектептің іргетасын қалау рәсімінде ауыл тұрғындарын көптен күткен қуанышты жаңалықпен құттықтады.
Ауыл тұрғындары көп жыл бойы түйіні тарқамаған мәселенің шешім тапқанына ризашылықтарын жеткізді.
Мектеп облыстық бюджет қаражатына салынады. Құрылыстың аяқталуы 2026 жылдың сәуір айына жоспарланған.
Жаңа мектеп 100 оқушыға арналған. Жалпы құрылыс алаңы – 1 гектар. Негізгі ғимараттың көлемі 1 600 шаршы метрді құрайды. Мектеп екі қабатты болады. 12 оқу кабинетімен қатар, жеке спорттық блок қарастырылған. Ғимарат заманауи технологиялармен жабдықталып, оқушыларға сапалы білім алуға толық мүмкіндік береді. Сыртқы алаңда оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған демалыс аймағы, футбол, волейбол, баскетбол және гимнастика алаңдарын салу көзделген.