Облыс әкімі «SHARCEM» ЖШС цемент зауытында болды
Абай облысының әкімі Берік Уәли Жарма ауданындағы «SHARCEM» ЖШС цемент зауытының жұмысымен танысты.
Кәсіпорын Шар қаласының маңында орналасқан. Зауыттың жобалық қуаты жылына 1,1 млн тонна цемент клинкері және шамамен 1,3 млн тонна цемент өндіруге мүмкіндік береді. 2021 жылы іске қосылған кәсіпорын өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттырып келеді. Жобаның жалпы құны 15 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда мұнда 284 адам жұмыс істейді.
Аймақ басшысы кәсіпорынның басшылық құрамымен кездесті. Жиынға «SHARCEM» ЖШС бас директоры Си Цзюньфэн, Мемлекеттік еңбек инцспекциясы комитетінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Серікбосынұлы қатысты.
Облыс әкімі кәсіпорынның өңір үшін айрықша маңызы бар өндіріс орны екенін атап өтті.
Кездесу барысында облыс әкімі жергілікті жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, олардың жалақы деңгейін көтеруге және жергілікті кадрларды даярлауға қатысты ұсыныстарын айтты.
«SHARCEM» ЖШС бас директоры Си Цзюньфэн аймақ басшысы тарапынан айтылған ұсыныстарды қарастырып, тиісті шешім қабылдайтынын жеткізді. Жергілікті кадрларды көбірек жұмысқа алуға, оқытуға дайын екенін айтты.