Қазақстан мен ЕО су ресурстары және қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық ынтымақтастықты кеңейтуде

Премьер-министр Олжас Бектенов су ресурстары мен қалдықтарды басқару мәселелеріне арналған «Қазақстан – Еуроодақ» диалогтік платформасының 17-ші отырысын өткізді.
Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту, су пайдалану тиімділігін арттыру және циркулярлы экономикаға көшу шаралары талқыланды. Сонымен қатар Қазақстанның ЕО-мен экологиялық технологиялар енгізу, инвестициялар тарту және озық тәжірибелер алмасу саласындағы әріптестігінің келешегі қаралды.
Премьер-министр өз сөзінде еліміздің су балансына жүктеменің күшеюі жағдайында су ресурстарын ұтымды әрі орнықты басқарудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан Үкіметінің алдында тұрған міндеттерді ескере отырып, оның ішінде су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және су пайдаланудың тиімділігін арттыру, әсіресе, ауыл шаруашылығында Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы іске асырылуда. Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы трансшекаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып жатқан бірқатар бастама оң бағаланды. Осылайша, Sustainable Energy Connectivity in Central Asia (SECCA) аясында тұрақты су пайдалану және энергия тиімділігін арттыру саласындағы пилоттық жобалар іске қосылды. Team Europe Initiative on Water, Energy and Climate Change өңірлік бағдарламасы Қазақстанның су секторына жеке инвестиция тарту құралы ретінде қызмет етеді.
Қалдықтарды басқару мәселесіне ерекше назар аударылды. Соңғы 10 жылда Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 1%-дан 25%-ға дейін өсті. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 40%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Өндіруші жауапкершілігінің кеңейтілген жүйесін енгізудің, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату инфрақұрылымы мен технологияларын дамытудың рөлі ерекше атап өтілді.
Премьер-министр Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы әріптестікті нығайту экологиялық инновацияларды енгізу, инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру және «жасыл» күн тәртібін ілгерілету үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына тоқталды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су ресурстарын орнықты басқару және халықаралық серіктестермен, атап айтқанда, Еуропалық Одақпен диалогті дамыту мәселелеріне үлкен мән береді. Бүгінгі кездесу – бұл жай ғана пікір алмасу емес, суды ұқыпты әрі әділ пайдаланатын болашақты бірлесіп қалыптастыруға арналған платформа, қалдықтар құндылық пен жаңа энергияның қайнар көзіне айналады, ал Қазақстан мен ЕО серіктестігі өңірдегі “жасыл” даму мен инновациялық көшбасшылықтың үздік үлгісіне айналады. Мүдделі тараптарды нақты жобаларды жүзеге асыру, технологияларды енгізу және экологиялық мінез-құлықты трансформациялау үшін күш біріктіруге шақырамын. Қазақстан Үкіметі бұл мәселелерде сенімді серіктес болуға дайын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Еуропалық Одақтың диалогтық платформасының отырысында ЕО Елшісі Алешка Симкич, Германия елшісі Моника Иверсен, Финляндия елшісі Янне Хейсканен, Нидерланды елшілігінің уақытша сенімді өкілі Мартин ван Бюрен; еуропалық компаниялардан – Кавказдағы және Орталық Азиядағы Aqualia бизнесті дамыту жөніндегі директоры Иракли Бабухадия, «SOIL SOLUTION» ЖШС құрылтайшысы және Қазақстандағы Water&Soil компаниясының ресми өкілі Даниел Репасси, Орталық Азия және Кавказ аймағының «Xylem» басқарушы директоры Лев Аппаков, MicroStep-MIS Slovak Consortium Solution for Water Management аймақтық менеджері Абдулла Абдул-Разаков ұсыныстарын айтып, пікір қосты.
Еуропалық Одақтың елшісі Алешка Симкич ЕО-ның Қазақстанның қалдықтарды басқару саласындағы негізгі жобаларын қолдауға дайын екендігін атап өтіп, жергілікті институттарды Horizon Europe зерттеулер мен инновациялар бағдарламасына белсенді қатысуға шақырды.
Елші Моника Иверсен «Жасыл Орталық Азия» бастамасы аясында және Team Europe қолдауымен Германия су ресурстары, энергетика және климат саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамытуды жалғастыратынын деп атап өтті. Негізгі жобалардың қатарында трансшекаралық өзендерді басқару бойынша тәжірибе алмасу, табиғи апаттардың алдын алу үшін климаттық профильдерді дайындау және су шаруашылығы компанияларының Қазақстанға бизнес — миссиясын ұйымдастыру бар.
Финляндия елшісі Янне Хейсканен Қазақстанда өнеркәсіптік және муниципалдық нысандарда ағынды суды тазартудың энергиялық тиімді технологияларын енгізіп жатқан бірқатар фин компанияларының тәжірибесімен таныстырды. Су ресурстарын тұрақты басқаруға бағытталған ынтымақтастықты одан әрі дамытуға әзірлік білдірілді.
Нидерланд өкілі Мартин ван Бюрен Нидерланды мен Бенилюкс елдерінің компаниялары консорциумының Ақтауда қуаттылығы тәулігіне 150 мың м3 болатын су тұщыту қондырғысын салу жобасын жүзеге асыруға дайындығы туралы хабарлады. Сондай-ақ голландиялық DRRS тобы қазақстандық мамандармен бірлесіп жұмыс істейтін су тасқыны туралы ұлттық ерте хабарлау жүйесін құру жөніндегі бастамаға қолдау білдірілді.
Еуропалық компания өкілдерінің айтуынша, суды қайта пайдалану технологияларын енгізу, шығындарды азайту және су ресурстарын басқаруда цифрлық платформаларды пайдалану мәселелері өзекті. Өндірістерді локализациялау, техникалық орталықтар құру, тазарту құрылыстарын математикалық модельдеу тәжірибесін кеңейту бойынша ұсыныстар айтылды.
Қойылған сұрақтарға қатысты мемлекеттік органдар тарапынан су ресурстары және ирригацияның бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров, экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев, «Бәйтерек» холдингі Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ерсайын Хамитов жауап берді.