Аймақ басшысы шет елдік инвесторлармен кездесті
Облыс әкімі Берік Уәли бүгін шетелдік инвесторлармен кездесті. Кездесуге қытайлық «Сан Бао» корпорациясының президенті Кан Хэпин мен «Ванджан» корпорациясының президенті Ли Цзиньси қатысты.
Қонақтар Абай облысында жел және күн энергетикасын дамытуға қызығушылық танытып отыр. Бұл бағыт еліміз үшін стратегиялық маңызды. 2030 жылға қарай Қазақстанда жаңартылатын энергия үлесін 15%-ға жеткізу көзделген. Өңір табиғи-климаттық жағдайына байланысты бұл бағытты дамытуға қолайлы. Бүгінде облыста қуаттылығы 100 МВт болатын «Абай-1» және 50 МВт «Абай-2» жел электр станциялары жұмыс істеп тұр. Қытайлық инвесторлар заң аясында жобаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді. Олар сонымен қатар Алакөл жағалауына инвестиция тартуға қызығушылық танытып, жылжымалы үйлер салу бойынша ұсыныстарын айтты.
Облыс әкімі қытайлық компания өкілдерінің ұсыныстарын тыңдап, айтылған жобалардың маңызды екенін атап өтті.
Қағаз өнімдері бойынша еліміздің ішкі нарығы импортқа тәуелді. 2024 жылы қағаз импорты 314 млн АҚШ долларын құрады. Аймақ басшысы қытайлық тарапқа облыста қағаз зауытын салуды ұсынды. Өңірде қажетті шикізат – орман ресурстары жеткілікті. Жоба макулатураны қайта өңдеуден бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі процесті қамтып, экспортқа да бағытталатын болады.
Кездесу барысында аймақ басшысы «Сан Бао» корпорациясының президенті Кан Хэпинге Қытай Халық Республикасындағы Абай облысының инвестициялық амбассадоры, сондай-ақ облыс әкімінің инвестициялық мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі ретінде бизнестің дамуына және өңірдің түрлі саласына инвестиция тарту бағытында атқарған белсенді және нәтижелі жұмысы үшін ризашылығын білдіріп, Алғыс хат табыстады.