Нұртөре Жүсіп ономастика жөніндегі комиссия отырысына қатысты

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының отырысына қатысты.
Іс-шара барысында Нұртөре Жүсіп сөз сөйлеп, ономастика мәселесі жай ғана атауларды өзгерту емес екенін атап өтті. Бұл - уақыт рухын, ұлттың бірегейлігін және оның өткеніне деген құрметті айқындайтын терең идеялық, мәдени және тарихи жұмыс.
«Бүгінде Қазақстан өз мемлекеттік негіздерін және ұлттық бірегейлігін нығайтып отырған кезеңде ономастика мәселесінің маңызы айрықша артып отыр. Көшелерге, қалаларға, ауылдарға, білім беру мекемелеріне және басқа да нысандарға атау беру – бұл біздің құндылықтарымыздың, тарихи жадымыздың және тамырымызға деген құрметіміздің көрінісі. Республикалық ономастика комиссиясының қызметін жетілдіру - қоғамдық сананы үйлесімді қалыптастырудың, азаматтық бірегейлікті және халқымыздың бірлігін нығайтудың маңызды қадамы», – деді Нұртөре Жүсіп.
Сонымен қатар, ономастика саласының сарапшыларымен өткен пікірталас барысында сенатор қазіргі ономастиканың күрделі пәнаралық ғылым екенін ерекше атап өтті. Бұл салада тек филологтар мен тарихшылар ғана емес, этнологтар, географтар, заңгерлер де белсенді қатысуы қажет. Осыған байланысты отандық және шетелдік жетекші мамандарды біріктіретін тұрақты жұмыс істейтін сараптамалық алаң құру қажеттігін айтты. Мұндай алаң қабылданатын шешімдердің жан-жақты ғылыми негізделуін қамтамасыз етеді.
«Әрбір атау - бұл адамдардың тағдырын, тарих беттерін, Қазақстанның жетістіктері мен құндылықтарын айқындайтын символ. Біз бүгін жасап жатқан мәдени және тарихи кеңістіктің келбеті үшін болашақ ұрпақтар алдында жауаптымыз. Сондықтан ономастика саласындағы кез келген өзгеріс байыппен, салмақты түрде, тарихқа, мәдениетке және көпұлтты қоғамымыздың тілдеріне терең құрметпен жүзеге асырылуы тиіс. Тек мемлекет, ғылыми қауымдастық және кең қоғамдастықтың бірлескен жұмысы арқылы ғана біз тәуелсіз Қазақстанға лайықты тұрақты, заманауи және үйлесімді ономастикалық саясат жүйесін қалыптастыра аламыз», – деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар комиссия жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.