Абай облысының әкімі жоғалған баланы тапқан полицейлерді марапаттады
Облыс әкімі Берік Уәли семейлік 7 жастағы баланы тапқан полиция қызметкерлерін қабылдады. Аймақ басшысы Абай облысы Полиция департаменті Затон полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары Бекен Асыл мен Дархан Жұмағалиевке көрсеткен батылдығы мен кәсіби шеберлігі үшін Алғыс хат табыстап, олардың әрекеті баршаға үлгі екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 21 маусымда 2018 жылы туған Аманғали Бекболат Семей қаласындағы үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Хабар түскен сәттен бастап іздестіру жұмыстарына 1000-нан астам адам жұмылдырылды. Баланы іздеуге полиция, Төтенше жағдайлар қызметі, Ұлттық ұлан, еріктілер мен тұрғындар белсенді атсалысты.
22 маусым күні таңертең бала үйінен шамамен 10 шақырым жердегі орман алқабынан аман-есен табылды.