Үкіметте «Таза Қазақстан» Президент бастамасының жүзеге асырылу барысы қаралды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру мәселесі қаралды.
Жиында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндама жасады. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Экологиялық және мәдени құндылықтарды ілгерілету туралы, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектепке дейінгі және мектептегі экологиялық тәрбие туралы, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек экологиялық білім беру деңгейін арттыру туралы, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов экотуризм мен салауатты өмір салтын насихаттау туралы баяндады. Сондай-ақ бірқатар экология және жастар бірлестігі өкілінің баяндамасы тыңдалды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша жыл басынан бері «Таза Қазақстан» аясында бүкіл еліміз бойынша 573 іс-шара өткізілген. Барлығы 189 мың тоннаға жуық қоқыс жиналып, 735 мың гектарға жуық аумақ тазартылды, 2 млн-нан астам ағаш отырғызылды. Акцияға қатысушылардың жалпы саны 2 млн-нан астам адамды құрады, оның 156 мыңы еріктілер.
Премьер-министр «Таза Қазақстан» Президент бастамасы экологиялық мәдениетті арттыруға және табиғатқа жанашырлықпен қарауды қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Бұл жұмыс жүйелі сипатқа ие: барлық жастағы қазақстандықтар, бизнес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері экологиялық акцияларға белсенді қатысуда. Бүгінгі таңда «Таза Қазақстан» үлкен қоғамдық қозғалысқа және күнделікті мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды.
Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінеді: «Адал азамат» бірыңғай бағдарламасы аясында оқу орындарында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Президентіміздің идеясы “Таза Қазақстан” бастамасын табиғатты қорғау үшін ғана емес, сонымен қатар ойдың да, бойдың да тазылығын сақтап, адамның ішкі мәдениетін тәрбиелеу арқылы оны дұрыс өмір салтына айналдыру болып саналады. Руханияттың дамуына ерекше көңіл бөлу керек. Айналаңдағы адамдарға, дәстүрлі құндылықтарға құрметпен қарау, қоғамдық жауапкершілікті дамыту және еңбекқорлық Мемлекет басшысының “Таза Қазақстан” бастамасын жүзеге асырудың маңызды бағыттары болуы тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов. Сонымен қатар республикалық және өңірлік деңгейде Президент бастамасын жүзеге асыру шеңберіндегі іс-шараларды белсенді түрде ақпараттық қолдаудың маңыздылығы атап өтілді.
Премьер-министр бірқатар тапсырма берді.
-
Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері өскелең ұрпақтың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, тәрбиелеуге жұртшылықты, қауымдастықтар мен бірлестіктерді кеңінен тартуды қамтамасыз етуі қажет.
-
«Ортақ іске бар күшті жұмылдыра отырып, отбасылық дәстүрлі құндылықтарды, қоғамдағы дұрыс мінез-құлықты, мәдени мұраларға ұқыпты көзқарасты, отаншылдық қасиеттерді сіңіруге тиіспіз. Аталған бағыттарды “Адал азамат” тәрбиелік бағдарламасында ескеру қажет», — деп атап өтті Премьер-министр.
-
Туризм министрлігі облыстар мен қалалардың әкімдіктерімен бірлесіп, әрбір елді мекен бойынша барлық бұқаралық спорттық іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесін әзірлеуге тиіс. Сондай-ақ жалпыға бірдей пайдалануға арналған негізгі экотуризм нысандарының картасын жасап, онда орналасқан жері, туристік нысандар және басқа да қажетті мәліметтер көрсетілуі керек.
-
Мәдениет министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде халық арасында экологиялық және рухани мәдениетті тәрбиелеу жөнінде нақты ұсыныстар әзірлесін.
Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша Экологиялық мәдениетті дамытудың «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын өзектендіру міндеті қойылды.