Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы ел аумағынан сыртқа шықты: идея форумдар мен фестивальдарда насихатталуда

Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы жаңа мазмұнмен толығып, заман талабына сай жаңаша мәнге ие болып отыр. Сонымен қатар ол ұлттық идеологияны жаңаша пайымдаудың көрінісі. Бұл туралы Үкімет отырысында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндады.
Министрдің айтуынша, тазалық ұғымы жай ғана экологиялық акция емес, ол қоғамдық сананы, мәдениетті, құндылықтар жүйесін жаңғыртуға бағытталған терең мазмұнды бастама.
«Мемлекет басшысы айтқандай, “Ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау – әр азаматтың ішкі мәдениетінің көрсеткіші”. Яғни, тазалық – тек қоршаған ортаға емес, адамның жан дүниесіне, ойлауына, болмыс-бітіміне қатысты ұғым. Осы орайда, Президент бастамасын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан кешенді әрі жүйелі жұмыстар атқарылып келеді», — деп атап өтті Аида Балаева.
Бірінші бағыт – ағартушылық, мәдени және гуманитарлық сипаттағы ұйымдастырушылық шаралар.
Министрдің айтуынша, бұл ретте, бастаманы халыққа жеткізудің басты қозғаушы күші – азаматтық қоғам. Осы қатарда жастар, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, волонтерлер қозғалысы, сондай-ақ мәдениет және өнер қайраткерлері белсенді атсалысуда.
«Жастар саясаты саласында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен көктемгі экологиялық фестиваль жас буынға рухани серпін берді. Фестивальде Президент жастардың рөлін ерекше атап өтті. “Жасыл ел” жастар еңбек жасақтарына биыл 35 мыңнан астам жас тартылып отыр. Келер жылдан бастап бұл жасақтар техникалық, аграрлық, құрылыс және педагогикалық бағыттармен толығады», — деп нақтылады спикер.
Бүгінгі таңда азаматтық белсенділердің қатысуымен бірқатар экологиялық акциялар өтіп келеді. Мысалы, «Қоғамдық эко-бақылау» республикалық акциясы, «10 экологиялық әдет» эко-челленджі және «Таза жағалау» эко-марафонын айрықша атап өтуге болады. Бұл акцияларға 12 мыңнан астам белсенді азамат атсалысуда.
Сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің қатысуымен арнайы шаралар жүзеге асып келеді.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған 300-ден астам экологиялық іс-шараға 20 мыңнан астам адам қатысып, этносаралық келісім мен өзара құрмет құндылықтарын нығайта түсті. Сонымен қатар “Ассамблея жастары”, “Ақсақалдар кеңесі”, “Аналар кеңесі” сияқты институттар өңірлік деңгейде белсенді жұмыс істеуде. Мәдени саясат саласында – “Таза Қазақстан” идеясын қоғамға жеткізуге, терең орнықтыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Мәселен, соңғы екі жылда Наурыз мейрамы жаңа мазмұнмен толықты. 19 наурыз – Жаңару күні ағаш отырғызу игі дәстүрге айналғаны қуантады. Наурызнама апталығының соңғы күні жалпыхалықтық экологиялық акцияға арналады. Биыл бұл эстафетаға 7500-ге жуық мәдениет және өнер ұйымы қатысты», — деді Аида Балаева.
Бұдан бөлек, Министрлік өткен жылы кино саласындағы идеологиялық басымдықтарды нақтылады. Қазіргі кезде «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» – басты тақырыптардың біріне айналуда. «Таза Қазақстан» идеясы шетелдегі мәдени іс-шаралар, халықаралық форумдар мен фестивальдер, Мәдениет күндері аясында да кеңінен таныстырылып келеді.
Екінші бағыт – «Таза Қазақстан» идеясын бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттау. Министр атап өткендей, осы мақсатта нақты ақпараттық арнайы медиа-жоспар әзірленді. БАҚ беттерінде «Таза Қазақстан», «Қалалық орта», «Экология», «Таза өлке», «Табиғат анаң – аяла оны!», «Тазалық», «Таза бейсенбі» сияқты айдарлар ашылып, мазмұндық тұрғыдан кеңірек насихатталуда. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында БАҚ-та 8600-ден астам материал жарияланды (телеарналарда – 2581, газеттерде – 1610, интернетте – 4409).
«Биыл 5 маусымда өткен жалпыұлттық телемарафон экологиялық идеяны ақпараттық, мәдени-ағартушылық және идеологиялық тұрғыдан біріктіріп, қоғамға оң әсер етті. Телеарналарда “Таза Қазақстан” брендімен сериалдар, деректі фильмдер мен арнайы жобалар қосылмақ. Ақпарат алаңында белсенді тұлғалар, блогерлер мен медиаөкілдер “Таза Қазақстан” идеясын қолдап, өз аудиториясына экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған мазмұнды контенттер ұсынып келеді», — деп атап өтті спикер.
Министрдің айтуынша, әлеуметтік желілерде азаматтардың белсенділігі артқаны байқалады. Ел азаматтары қаланы тазалау, қоршаған ортаны қорғау секілді тақырыптарда контент жасап, мыңдаған, тіпті миллиондаған қаралым жинап жүр. Бұл – қоғамдық сана мен экологиялық мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын көрсеткіші.
«Мәселен, алматылық экобелсенді Дулат Набиев 3 айда Алматыны толық қоққыстан тазарту челленджін бастап, әлеуметтік желіде әр күн сайын нәтижелерін бөлісіп жүр. Ал, талдықорғандық эковолонтер Ғазиз Аманжолұлы өз үйінен шығатын тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинап, қағаз, пластик, металл сынды қайта өңдеуге келетіндерін арнайы мекемелерге өткізіп келе жатқанына бірнеше жыл болған. Сұрыпталған қоқыстан соңғы іріктелген шикізатты қабылдап алушы компанияларға өткізіп, түскен қаржыны қайырымдылық қорларына аударады. Батыс Қазақстан облысында Азат Жұмағұл өңірдің 12 ауданында, сондай-ақ еліміздің өзге де қалаларында болып, тазалық шараларын жүргізеді. Осындай белсенді азаматтарымызға алғысымды білдіре отырып, бастамаларын қолдайтынымызды жеткізгім келеді. Мұндай кішігірім бастамалар қоғамдық сананың өзгеруіне, жауапкершіліктің артуына ықпал етері сөзсіз», — деп түйіндеді министр.