VIII сайланымдағы Парламенттің үшінші сессиясының жұмысы аяқталды
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда депутаттар VIII сайланымдағы үшінші сессияның жұмысын қорытындылады.
Ерлан Қошанов қазіргі сайланымның Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын жүйелі де дәйекті түрде жүзеге асырып отырғанына назар аударды.
– Осы жылдары депутаттар ұдайы президенттік реформалардың алғы шебінен көрінді. Біз әрдайым Мемлекет басшысының жан-жақты ойластырылған, халықтың талап-тілегіне, елдің мүддесіне негізделген стратегиясын басшылыққа алып келеміз. Бұл ұстаным бағыт-бағдарымызды айқындап, күш-қуатымызды бір арнаға жұмылдыруға жол ашты. Парламенттің күнделікті жұмысы ең әуелі осы реформалар мазмұнын одан әрі байытып, нақты іспен қолдауға бағытталған, – деді Мәжіліс төрағасы.
Палата спикері депутаттық корпус Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясындағы заңнамалық бастамалардың бәрін дерлік осы сессияда іске асырғанын айтты. Үшінші сессия барысында Парламент палаталарының 3 бірлескен отырысы, Сенат пен Мәжілістің 39 жалпы отырысы өтті. Қос палатаның қарауында 158 заң жобасы болды, оның ішінде 89 заң қабылданды.
Сессия барысында Парламент әлеуметтік саясат пен азаматтардың мүддесі мызғымас басымдық екенін айқын көрсетті. Ол ең алдымен еліміздің негізгі қаржы құжатында – үш жылдық бюджетте көрініс тапты.
Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау салалары мен әлеуметтік төлемдерге баса мән берілді. Жыл басынан базалық зейнетақы 6,5 пайыз, сабақтас зейнетақы 8,5 пайыз өсті. Әлеуметтік төлемдер көлемі де, алушылар саны да артты. Халықты сапалы сумен қамтамасыз етуге, ауылды қолдауға қосымша қаражат бөлінді.
Мәжіліс спикері Парламент бұл сессияда маңызды үш салалық кодексті жаңғыртып, жүргізіліп жатқан реформалар талабына бейімдегенін айтты.
– Бұған дейін бірде-бір заң жобасы жаңа Салық кодексі сияқты кең талқыланбаған шығар. Депутаттар бизнеске артық салмақ салмай-ақ, салық саясатын экономиканың тұрақтылығына, азаматтардың бақуаттылығына бағыттауға қол жеткізді. Қабылданған Бюджет кодексі орнықты экономикалық дамудың, азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігіне айналды. Бұл ретте бюрократиядан арылу көзделіп, бюджеттік рәсімдер мерзімдері екі есе қысқарды. Жаңа заңнамалық нормалар Ұлттық қор ресурсының тиімсіз жұмсалуына берік тосқауыл қояды. Мемлекет басшысы су ресурстарымен қамтамасыз ету жайы нашарлап, жаһандық сипат алып келе жатқанын бірнеше рет айтқан еді. Осы мақсатпен еліміздің болашағы үшін стратегиялық маңызы бар құжат – Су кодексі қабылданды, – деді Е.Қошанов.
Мәжіліс спикерінің айтуынша, осы парламенттік маусымда депутаттар халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне әсер ететін өзекті мәселелерді шешу жайын назардан тыс қалдырған жоқ. Мәселен, балаларды кешенді түрде қолдау шаралары жалғасын тапты. «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйесінің заңнамалық негізі жасалды. Депутаттардың бастамасымен дарынды балаларды қолдауға қатысты нормалар енгізілді.
Азаматтардың денсаулығын қорғау мәселесіне бұрын-соңды болмаған дәрежеде назар аударылды. Енді сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматқа базалық медициналық көмек беріледі. Ұсынылған шаралардың арқасында миллионнан астам қазақстандық қосымша сақтандыру жүйесімен қамтылады.
Бұдан бөлек, міндетті онкологиялық скрининг мемлекеттік тегін медициналық көмек қызметтері тізбесіне енгізілді. Бұл маңызды шара үш жарым миллион адамды қамтиды.
Сонымен қатар қызметтік міндетін атқару үстінде қаза тапқан құқық қорғау органы қызметкерлерінің отбасыларына қолдау көрсету шаралары қолға алынып, 530 отбасыға ай сайын төленетін жәрдемақы мәселесі шешілді. Бұл – әлеуметтік әділеттілік жолындағы елеулі қадам.
Бұдан бөлек, тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері жөніндегі заң аясында депутаттар тұрғын үй алуға құқы бар азаматтардың санатын кеңейтті.
– Депутаттар заң мен тәртіп үстемдігін орнату бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл – жай ғана қатардағы ұстаным емес. Президент айтқандай, заң мен тәртіп – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты. Сессия бойы депутаттар осы бағдарды берік ұстанды, – дедеі Ерлан Қошанов.
Атап айтқанда, үлескерлік құрылыс саласында тәртіп орнатуға, халықтың шамадан тыс қарыз алуын азайтуға бағытталған шаралар қабылданды. Депутаттар қаржылық қызмет алушылар құқығын қорғау шараларын күшейтті.
Өршіп келе жатқан кибералаяқтыққа уақтылы жауап ретінде дропперлер үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Депутаттар Президенттің есірткі қылмыстары бойынша жазаны саралау жөніндегі тікелей тапсырмасын заң жүзінде орындады. Осылайша, есірткі өндіру мен оны өткізу арасындағы жауаптылықтың ара-жігі ажыратылды. Енді есірткі дайындағаны, өңдегені және өндіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылды. Ал мемлекет алғаш рет шалыс басқан есірткі жасырып кетушілердің түзу жолға түсуіне мүмкіндік беріп отыр.
Лудоманиямен күрес бойынша да жұмыс жалғасты. Қоғамды бұл кеселден арылтуға бағытталған қосымша шаралар қабылданды. Ғимараттар мен құрылыстарда, онлайн-платформаларда букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынды. Депутаттар некеге тұруға мәжбүрлеу ісі үшін қылмыстық жауаптылық енгізді. Сондай-ақ Парламент адамның бет-жүзін тануға бөгет болатын киім киюге де тыйым салды.
Сонымен қатар депутаттар сот жүйесін жаңғырту бағытында жұмысты жалғастырып жатыр. Қазақстан армиясының беделі мен мәртебесін арттыру, ұлттық қауіпсіздікті нығайту ісіне ерекше басымдық берді. Сессияда әскердің әлеуеті мен қорғаныс қауқарын күшейтетін 4 заң қабылданды.
Бұдан бөлек Палата спикері Мемлекет басшысының бастамасымен Конституцияның 30 жылдығына орай қабылданған Рақымшылық туралы заң нағыз ізгіліктің көрінісі екеніне назар аударды. Амнистия 15 мыңнан астам сотталған адамды қамтымақ. Олардың екі мыңға жуығы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылып, қалғандарының жаза мерзімі қысқартылады.
Спикер халықаралық жүйедегі қазіргідей аумалы-төкпелі кезеңде Мемлекет басшысының сыртқы саяси қызметінің тиімді тетігі ретінде парламенттік дипломатияның маңызы зор екенін атап өтті. Сессия барысында депутаттар халықаралық парламенттік ұйымдар аясында белсене жұмыс істеп, 307 халықаралық іс-шараға қатысты, 34 шет ел парламентімен ынтымақтастық орнатты.
Тағы бір елеулі іс-шара – Президенттің саяси реформаларын іске асыруға арналған жалпы отырыстың өтуі. Оның нәтижесінде Президент ұстанған бағыт толық қолдау тапқан, ел азаматтарын Әділетті Қазақстан құру жолында бірігуге шақырған қарар қабылданды.
Сессия басталғалы бас-аяғы 11 Үкімет сағаты мен 3 парламенттік тыңдалым өтті. Жоғары аудиторлық палатаның есебі екі рет тыңдалды. Мемлекеттік органдарға 625 сауал жолданды. Депутаттарға екі мыңнан астам адам жүгінген. Кейбір депутаттар күніне 100 азаматқа дейін қабылдаған. Азаматтардың 30 мыңнан астам хаты қаралды.
Сөз соңында Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының барлық бастамасының, идеялары мен реформаларының артында қоғамдық сананы жаңғырту деген ұлы мұрат тұрғанына баса мән берді.
– Біз депутаттар заң шығару ісінде осы мақсатты басшылыққа аламыз. Қабылданып жатқан әр заңның өзегінде әділетті, таза, қауіпсіз әрі бақуатты Қазақстан идеясы жатыр. Осы залда биліктің барлық тармағының өкілдері жиналып отырмыз. Тәуелсіздікті көздің қарашығындай қорғау, ұлттық мүддеге қызмет ету – бәріміздің ортақ парызымыз. Бұл – біздің халқымыздың, келер ұрпақтың және Президенттің алдындағы жауапкершілігіміз. Бірлігіміз бекем болса ғана, Мемлекет басшысы белгілеп берген биік межелерді бағындырамыз, – деп өз сөзін түйіндеді Мәжіліс төрағасы.
Жиын соңында Палата спикері Үкімет мүшелеріне, Сенат пен Мәжіліс аппараттары қызметкерлеріне, азаматтық қоғам мен сарапшылар қатарындағы серіктестерге қажырлы еңбектері үшін алғысын білдіріп, заң шығару жұмысын жоғары деңгейде жариялап көрсеткен баспасөз өкілдеріне рақмет айтты.
Бірлескен отырысқа Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Мемлекеттік кеңесші, Президент Әкімшілігінің Басшысы, сонымен қатар Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың, Жоғары Сот Кеңесінің, Орталық сайлау комиссиясының төрағалары, Үкімет мүшелері, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің басшылары және Президент Әкімшілігінің, Үкімет аппаратының, Парламент Палаталары аппараттарының жауапты қызметкерлері қатысты.