Ақсуат ауданында расколдар салу бастамасы жүзеге асуда
Ауданда ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мал шаруашылығы саласын жүйелі дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Соның ішінде, ауылдық округтерде ветеринариялық профилактикалық егу, емдеу және өзге де техникалық шараларды қауіпсіз әрі тиімді жүргізуге арналған орталықтандырылған қондырғылар – расколдар салу бастамасы жүзеге асырылып келеді.
2024 жылы бұл бағытта алғашқы нақты қадамдар жасалып, Құмкөл және Қызылкесік ауылдық округтерінде құны 5,0 миллион теңгеге орталықтандырылған расколдар толықтай салынып, пайдалануға берілді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде ветеринариялық қызмет көрсету сапасы айтарлықтай жақсарып, мал иелері үшін қолайлы жағдай жасалды.
Ағымдағы 2025 жылы бұл тәжірибе жалғасын тауып отыр. Қалған 7 ауылдық округке 26 миллион 500 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, бүгінгі таңда соның аясында Ойшілік және Сәтбаев ауылдарында заманауи ветеринариялық қондырғылар орнатылды. Жыл соңына дейін тағы 5 ауылдық округте де осындай расколдар салу жоспарланып отыр.
Бұл бастама – тек қазіргі қажеттілікке жауап беретін шара ғана емес, сонымен қатар мал шаруашылығын болашақта да тұрақты дамытуға бағытталған маңызды қадам.
Жоспарға сәйкес, алдағы жылдары мұндай қондырғылар тек ауылдық округтерде ғана емес, сонымен қатар ірі елді мекендерде де салынады. Бұл – аудан көлемінде малға көрсетілетін ветеринариялық қызметтің сапасын арттырып, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін еселеуге үлкен мүмкіндік бермек.