Cемей26°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
518.37 609.97 6.6

Қазақстанда суды есепке алудың бірыңғай жүйесі құрылады

Кеше, 12:00 Думан Кенжеғазыұлы

Үкімет отырысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Президенттің халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және ауылдық жерлерде сумен жабдықтауды дамыту бойынша жобаларды жүзеге асыру жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы баяндады.

Министрдің сөзінше бүгінгі таңда республикалық меншікте жалпы саны 32 топтық су құбыры бар. Олар 1,393 мың адамды қамтитын 581 ауылдық елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Әкімшілік реформаның шеңберінде және «Қазсушар» кәсіпорнын трансформациялау аясында 2024 жылдан бастап топтық су құбырларын кезең кезеңімен жергілікті атқарушы органдардың меншігіне өткізу жұмыстары жүргізілуде. 

«Бұл қадам халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданып, судың көзінен бастап соңғы тұтынушыға дейінгі барлық кезеңге толық бақылау орнатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар су инфрақұрылымын жақсарту мақсатында министірлік биыл 10 өңірде топтық су құбыры нысандарын салу және қайта жаңарту бойынша  31 жобаны іске асыруда. Аталған өңірлер: Ақмола, Атырау, Алматы, Ұлытау, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары. Аталған 31 жобаны толық жүзеге асыру нәтижесінде 2,6 мың шақырымнан астам су құбыры салынады және бұл 1,3 млн халық тұратын 468 елді мекеннің сумен жабдықтау сапасын жақсартады. Сонымен қатар 53 елді мекенге орталықтандырылған ауызсу жүйесі алғаш рет қосылатын болады», —  атап өтті министр.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің сөзінше аталған жобаларды іске асыру үшін 2025 жылы барлығы 101 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 38,2 млрд теңге – Ұлттық қордан, 59,3 млрд теңге – Арнаулы мемлекеттік қордан, 3,4 млрд теңге – республикалық бюджеттен бағытталған. 2025 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша шамамен 250 шақырым су құбыры желілері салынды. Жыл соңына дейін 6 облыста 10 жоба пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аталған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде шамамен  500 мың тұрғыны бар 150 ауылдық елді мекеннің сумен қамту жағдайы жақсарады, оның ішінде 1 542 тұрғыны бар 4 ауылға алғаш рет орталықтандырылған ауызсу жүйесі қосылады. Сонымен қатар Ақмола, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбырларын қайта жаңарту бойынша 6 жобаға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Аталған жобалар 102 шақырым су құбыры желілерін қайта жаңартуды көздейді. Бұл 335 мың адам тұратын 202 елді мекеннің сумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. 

«Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етумен қатар, су ресурстарын тиімді әрі орнықты пайдалану, оның ішінде заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу мемлекеттің су саясатының – басты басымдықтардың бірі болып саналады. Ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеуші технологияларды енгізуді ынталандыруға бағытталған нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды. Сонымен қатар өнеркәсіп кәсіпорындарда су пайдалану тиімділігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аталған бағыттағы маңызды қадам – Мемлекет басшысы биылғы 9 сәуірде қол қойған жаңа Су кодексі. Бұл құжатта айналымды және қайталама су пайдалануға кезең кезеңімен көшу көзделген. Шараларды іске асыру 7 жылға жоспарланған, оның ішінде 2 жыл – өтпелі кезеңге, бес жыл – нақты іске асыру кезеңіне арналған.Халық арасында су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру мақсатында министрлік ауқымды ақпараттық-ағартушылық науқан ұйымдастырды», —  атап өтті Су ресурстары және ирригация министрі.

Атап айтқанда, республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Суды үнемде – болашақты сақта» тақырыбында ашық сабақ өткізілді. Бұл шара еліміз бойынша шамамен 2 млн оқушыны қамтыды. Осындай іс-шаралар жаңа оқу жылында да жалғасатын болады, енді олар колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін де қамтиды. Сонымен қатар министрлік Көлік министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халық арасында су ресурстарын ұтымды және жауапты пайдалану мәдениетін қалыптастыру мақсатында кең көлемді ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осы шеңберде, әуежай мен теміржол вокзалдарында, қоғамдық көліктерде және әкімшілік ғимараттарда ақпараттық стендтер, брошюралар және баннерлер орналастырылды. Атқарылып жатқан барлық кешенді шаралар 2024–2026 жылдарға арналған Су үнемдеу жөніндегі жол картасына сәйкес жүзеге асырылуда. Аталған құжат 32 іс-шарадан тұрады. 

Су ресурстарын орнықты және тиімді басқарудың қазіргі заманғы басты бағыттарының бірі – саланың цифрландырылуы. Осыған байланысты Министрлік цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған жүйелі және кешенді шараларды жүзеге асыруда. Біріншіден, 2025 жылдың басынан бастап министрлік Еуразия даму банкінің Цифрлық бастамалар қорының гранты есебінен Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесін әзірлеуді бастады. Аталған платформа біртұтас цифрлық орта ретінде жұмыс істейді және су нысандары туралы деректерді әртүрлі көздерден біріктіреді. Бұл – спутниктік мониторинг, датчиктер мен есептегіш құралдар, гидропосттар, жедел есептілік және салалық статистика. Екіншіден, суармалы желілер мен су ресурстарын есепке алуды автоматтандыру бағытында жұмыс жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұзындығы 3,5 мың шақырымнан астам суару инфрақұрылымын жаңғырту және цифрландыру мақсатында каналдарды кезең-кезеңімен автоматтандыру басталды. Атап айтқанда ағымдағы жылы Қызылорда облысында 58 гидропостты автоматты су есептеу құралдарымен жабдықтау жобалары іске асырылуда. Сонымен қатар Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстарында жалпы ұзындығы 5 мың шақырымнан астам суару желілерін цифрландыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Министрдің сөзінше 2027 жылға дейін су есептеу жүйелерін толық цифрландыру, сондай-ақ автоматтандырылған гидрожапқыштар енгізу жоспарлануда. 

«Айта кету керек, цифрландыру жобаларын әзірлеу барысында басым бағыт отандық өндірушілердің заманауи технологиялық шешімдері мен жабдықтарына беріледі. Аталған іс-шаралар аяқталған соң, су ресурстарына қатысты барлық мәліметтер ақпараттық жүйеге толық енгізіледі. Бұл су алу мен бөлу үдерісін тиімді жоспарлауды, сондай-ақ оның ашықтығы мен нақтылығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жүйенің тиімді және үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы құрылды. Орталықтың негізгі міндеттері су қорына қатысты деректерді жинау, жүйелеу және талдау, ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу және дамыту болып саналады», —  атап өтті Су ресурстары және ирригация министрі.

Жалпы алғанда, министрлік жүргізіп жатқан жұмыстар кешені нысандарды салу және жаңғырту, су үнемдеу мен цифрлық технологияларды кезең-кезеңімен енгізу арқылы климаттық өзгерістер жағдайында су ресурстарын тиімді пайдалану тетіктерін қалыптастыруға бағытталған.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив