Cемей21°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
518.37 609.97 6.6

«Әлеуметтік тұтыну нормаларын» енгізу тұтынушыларды сумен жабдықтау қызметтерін неғұрлым мұқият пайдалануға ынталандырып отыр

Кеше, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев баяндама жасады. Ол коммуналдық инфрақұрылымға инвестиция тарту мақсатында әзірленген жүйелі шара ретінде 2023 жылы «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы қабылданғанын айтты.

Оның сөзінше, 2023-2024 жылдары сумен жабдықтау және су тарту саласына 1051 шақырым су құбыры және кәріз желілерін жөндеуге шамамен 99,3 млрд теңге жұмсалған. Оның ішінде сумен жабдықтау қызметіне 764 шақырым желілерді жөндеуге 62,5 млрд теңге, ал су тарту қызметіне 287 шақырым желілерді жөндеуге шамамен 37 млрд теңге бөлінген. Бұл шаралар желілердің тозуын орта есеппен 4%-ға, апаттар санын 5%-ға қысқартуға мүмкіндік беріп, сумен жабдықтау және су тарту секторындағы жалақының 135 мың теңгеден 230 мың теңгеге немесе 70%-ға дейін өсуіне әсер еткен.

«Инфрақұрылымның ағымдағы жай-күйін атап өтетін болсақ, сумен жабдықтау саласында орташа тозу 39%-ды құрайды, оның ішінде 70%-дан астам тозығы жеткен 23 монополист бар. Су бұру саласында орташа тозу 55%-ды құрайды,  оның ішінде тозуы 70%-дан асатын 24 монополист бар. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде 2024 жылғы желтоқсан айында «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданды. Оның аясында сумен жабдықтау және су тарту желілерін жаңғыртуға 7,3 мың шақырым инженерлік желілерді жөндеуге шамамен 1,7 триллион теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Бұл авариялардың айтарлықтай төмендеуіне әкеледі және инженерлік инфрақұрылымның жай-күйін «технологиялық деңгейге» жеткізеді. Сондай-ақ 2025 жылы Ұлттық жоба аясында жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алу арқылы 13 пилоттық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оған сумен жабдықтау саласында 7 облыстан 8 табиғи монополия субъектісі, канализация саласында 4 облыстан 5 табиғи монополия субъектісі қатыспақ», — деді ұлттық экономика вице-министрі.

Ал сумен жабдықтау секторында тұтыну шегіне байланысты төрт деңгейлі тариф қарастырылған. Мұнда экономикалық шығындар келесідей ретте бөлінеді: 1-топ – 3 текше метрге дейін тұтыну, олар қолданыстағы тарифпен төлейді, 2-топ – 3-тен 5 текше метрге дейін тұтыну, оларға тариф қолданыстағы тарифтен 20%-ға жоғары болады. Ал 3-топ – 5-тен 10 текше метрге дейін тариф 50%-ға жоғары, 4-топ – 10 текше метрден асса тариф 100%-ға жоғары қолданылады. Бүгінгі таңда осы нормаларды енгізу нәтижесінде республика бойынша сумен жабдықтау секторында 61 табиғи монополия субъектісі үшін тариф деңгейлері қайта қаралды.

«Әлеуметтік тұтыну нормаларын» енгізу коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларының деңгейіне байланысты бекітілген сараланған тарифтер арқылы, сондай-ақ жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін қосымша кірістер алу арқылы тұтынушыларды сумен жабдықтау қызметтерін неғұрлым мұқият пайдалануға ынталандырып, жаңа тәсілдерінің тиімділігін көрсетті. Бұл өз кезегінде инженерлік инфрақұрылымның тозуын азайтады, сәйкесінше коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттырады», — деді Асан Дарбаев.

2024 жылдың соңына таман «әлеуметтік тұтыну нормалары» шеңберінде сараланған тарифтер енгізілген қалаларда суды тұтынудың көлемі 8%-ға төмендеуі, сондай-ақ есепке алу аспаптарын орнату деңгейінің 4%-ға артуы байқалған. Осылайша, елде ұтымды тұтыну мәдениетін енгізуге ықпал ету нәтижесінде 1,6 млн текше метр суды үнемдеуге қол жеткізілген. Бұл Лисаковск қаласының жылдық тұтыну көлеміне тең. Аталған тариф енгізілгелі бері су шаруашылығы кәсіпорындарының қосымша кірісі 10,7 млрд, теңгені құраған, бұл кәсіпорын табысының орташа есеппен 6%-ға өсуіне және сәйкесінше желілер мен жабдықтарды жөндеу бойынша қызметке салынатын инвестициялардың артуына әкелген. Тиімді тарифтік саясатты жүзеге асыру су шаруашылығының инфрақұрылымын жаңартуға, саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив