Cемей23°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
518.37 609.97 6.6

Жасанды интеллект пен IoT технологиялары сумен жабдықтау саласының ажырамас бөлігіне айналып келе жатыр

Кеше, 13:31 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев саланы цифрландыру туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің цифрлық трансформациясы, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу суды тиімді пайдалануға және инфрақұрылымның істен шығуы мен тоқтап қалуын барынша азайтуға бағытталған. Министрлік су ресурстарын реттеу және пайдалану саласына қатысты 3 мемлекеттік қызметті жүзеге асырған. Жалпы алғанда, 2024 жылы 8 050 қызмет толықтай онлайн форматта ұсынылыпты. Аталған қызмет түрлерін цифрландыру азаматтар мен заңды тұлғалар үшін рәсімдерді едәуір жеңілдетіп, өтінімдерді қарау мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік берген.

«Реинжиниринг бойынша жүзеге асырылған іс-шаралар шеңберінде төрт негізгі су шаруашылығы процесі жетілдірілді. Бұған артық құрылымдарды жою, осал тұстарды азайту және деректер негізінде басқаруға көшу арқылы қол жеткізілді. Реинжинирингке дейін су пайдаланушылар туралы, рұқсаттар беру, су жинау көлемдері және есепке алу объектілері туралы ақпараттар әртүрлі форматта сақталып, орталықтандырылмаған болатын. Бұл суды тиімсіз пайдалану деректерін жедел анықтауға кедергі келтіріп, су көлемін бөлу нақты тұтыну мен су шаруашылығы жағдайын ескермей, қолмен орындалатын. Реинжиниринг аясында автоматты түрде тексеру Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрымен (БМЖМК), Техникалық реттеудің ақпараттық жүйесімен (еКТРМ) және басқа да ақпараттық жүйелермен интеграциялау арқылы жүзеге асырылды. Сондай-ақ, су есептеу құрылғыларының цифрлық тізілімдері енгізіліп, үлестік нормаларды есептеу процесі автоматтандырылады. Бұл ұсынылатын құжаттар көлемін 50%-ға, ал процестердегі қадамдар санын орта есеппен 80%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Осылайша, реинжиниринг су ресурстарын басқарудың тұтас цифрлық жүйесіне көшуді қамтамасыз етті. Бұның бәрі саланың ашықтығын, шынайылығын және басқарылуын арттыруға ықпал етеді», — деді Жаслан Мәдиев.

Министр сумен жабдықтауды басқару процесіне нәтижелі реинжиниринг жүргізілуінің бір мысалы ретінде Шымкент қаласында енгізілген көпдеңгейлі мониторинг және басқару жүйесін атады. Мониторинг жүйесіне 31 990 су тарату торабы қосылып, 52 насос станциясы интеграцияланған. Енді келесі кезеңде 14 жинақтаушы резервуардың мониторингі жүзеге асырылмақ. Түнгі уақытта бұл резервуарларға қаланың болжаулы қажеттіліктеріне сәйкес анықталатын көлемде су жіберіледі. Барлық резервуарлар су деңгейі мен шығынды тіркейтін датчиктермен жабдықталған. Одан әрі қалалық су құбыры желісінің түрлі нүктелеріндегі қысымды бақылау үшін 206 арнайы датчик қолданылады. Бұл датчиктер нақты уақыт режимінде қысымның өзгеруін бақылауға мүмкіндік береді. Осы өзгерістерді ескере отырып, насос станцияларының жұмыс режимін өзгерту бойынша шешімдер қабылдауға болады.

Ал магистралды су құбыры желілерінде қашықтан басқарылатын электр жетегі бар ысырмалар орнатылған. Орнатылған датчиктерден келіп түсетін сигналдар мониторинг орталығына жолданады. Алынған мәліметтер негізінде су беруді жедел реттеуге және жабу арматурасын персоналды оқиға орнына жібермей-ақ басқаруға мүмкіндік береді. Жүйеде GSM желілері арқылы жұмыс істейтін 14 электр жетегі бар ысырма пайдаланылуда екен. Сонымен қатар, Astana Hub экожүйесінде осы салаға арналған цифрлық шешімдер әзірлейтін стартаптар мен компаниялар қалыптасып келеді.

«Бұл компаниялар су құбыры желілерін автоматтандыру мен мониторинг жүргізу, автокөліктерді жуу кезінде суды үнемдеу, сондай-ақ апаттардың алдын алу үшін нысандардың жай-күйін бақылау сияқты бағыттар бойынша жүйелер мен аппараттық-бағдарламалық кешендер әзірлеуде. 2024 жылдың қорытындысы бойынша аталған компаниялар 2 миллиард теңгеден астам табыс тауып, 100-ден астам жұмыс орнын құрды. Сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылымды цифрландыру саласындағы цифрлық технологияларды енгізудің бір мысалы - сумен жабдықтау және су тарту желілерін автоматтандыруға арналған АГИС кешенді жүйесі. Бұған дейін су ресурстарын бақылау қолмен жүргізіліп, бұл үлкен шығындар мен апаттарға алып келетін. Алайда АГИС жүйесі енгізілгеннен кейін жағдай өзгерді. Ол төлемдерді есептеу, шот ұсыну және есепке алу, деректерді онлайн жинау мен талдау үшін биллингтік платформаны қамтиды. Жүйе сондай-ақ автоматты түрде диспетчерлік басқаруды, нысандар мен желілерді паспорттауды және тағы басқа қызметтерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді», — деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

Коммуналдық инфрақұрылымды цифрландыру саласындағы тағы бір тиімді шешім – Connected Home жүйесі. Бұл - судың ысырап болуын бақылау және алдын алу жөніндегі интеллектуалды жүйе. Бұрын су ағулар тек апат орын алғаннан кейін ғана анықталатын, оның соңы ресурстардың шығынына және қымбат жөндеу жұмыстарына алып келетін. Connected Home жүйесінің арқасында проактивті тәсілді қолдану мүмкін болды. Ақылды датчиктер мен қалпақшалар су ағуын анықтаған сәтте суды бірден өшіреді. Мобильді қосымша арқылы нысан иелеріне хабарламалар жіберіледі, ал орталықтандырылған мониторинг апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жүйе өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді. Мәселен, 15 000-нан астам нысан іске қосылып, 48 000-нан астам құрылғы орнатылды. Аталған шешімді енгізу 5 786 апаттық жағдайдың алдын алуға және су тұтынуды 40%-ға азайтуға мүмкіндік берді.

«Тұрғын үй секторында суды тиімді бөлу мәселесі күннен күнге өзекті бола түсуде. Мәселен, америкада Sensus компаниясы ақылды су есептегіш жүйелерін енгізіп, нәтижесінде су шығыны 25% азайса, жабдықтардың техникалық қызмет көрсету тиімділігі 35%-ға өскен. Португалияда су ресурстарын басқарудың интеллектуалды платформасы енгізіліп, датчиктерден алынатын деректердің дәлдігі 99%-ға дейін артқан. Ал Барселонада қалалық су құбыры желілерін нақты уақыт режимінде басқару үшін кешенді цифрлық трансформация жүзеге асырылды. Бұл су шығындарын 20%-ға және жабдықтарды жөндеуге кететін шығындарды 30%-ға азайтуға мүмкіндік берген. Айта кету керек, су ресурстарын басқаруда жасанды интеллект пен IoT технологияларын қолдану нарығы қарқынды түрде өсіп келеді. 2024 жылы оның көлемі $20 миллиардқа бағаланса, 2032 жылға қарай $93 миллиардқа жетеді деп болжануда. Бұл цифрлық технологиялар, жасанды интеллект пен IoT технологиялары сумен жабдықтау саласының ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын дәлелдейді», — деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Бұған дейінгі ұсынылған деректер мен су шаруашылығы кәсіпорындарында цифрлық шешімдерді енгізудің практикалық нәтижелерін қорыта келе, Министрлік келесідей ұсыныстарды беріп отыр. Біріншіден, жергілікті атқарушы органдар өңірлер мен қалалардың су құбыры желілерін қысым датчиктерімен жабдықтауды қамтамасыз еті керек. Екіншіден, қалалардың дамуын ескере отырып, су құбыры инфрақұрылымын бақылау және су ағындарын модельдеу үшін ситуациялық-талдамалық орталықтар құруы тиіс. Үшіншіден, жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, сумен жабдықтау және су бұру жүйесін автоматтандырылған басқару жүйесін енгізу бойынша жоспарлар әзірлеуі қажет.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив